Маңғыстауда әскери техника тиелген пойыз жұртты алаңдатты
Маңғыстау облысындағы Боранқұл теміржол станциясында түнгі уақытта әскери техника тиелген жүк пойызы байқалды. Бейнежазба әлеуметтік желілерде таралып, жергілікті тұрғындар арасында түрлі сұрақтар туғызды, деп хабарлайды Politico.kz.
Кадрларда теміржол платформаларына шынжыртабанды өздігінен жүретін артиллериялық қондырғыларға ұқсас техника, сондай-ақ әскери жүк көліктеріне орнатылған реактивті залп жүйелері тиелгені көрінеді. Сыртқы белгілеріне қарағанда, олар 2С1 «Гвоздика» артиллериялық қондырғылары мен БМ-21 «Град» жүйелері болуы мүмкін.
Желі қолданушылары техниканың келуін алдағы референдуммен байланыстырып, түрлі болжамдар айта бастады.
Алайда Қазақстанның Қорғаныс министрлігі бұл жағдайға түсініктеме беріп, әскери техниканың қозғалысы жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, техника артиллериялық бөлімшелердің оқу-жаттығу сабақтарын өткізу үшін Маңғыстау облысындағы полигондардың біріне жөнелтілген.Министрлік бұл шаралар әскердің жауынгерлік дайындығы аясында өтетін жоспарлы оқу-жаттығулар екенін атап өтті.
Последние новости