Маңғыстауда емші әйел алдына келген науқасты буындырып өлтірген

30.04.2026 16:13 Мөлдір Қайнар
Маңғыстауда емші әйел алдына келген науқасты буындырып өлтірген
215
Фото: ЖИ көмегімен жасалды\ Politico.kz

Маңғыстау облысында «халықтық емшілік» кезінде науқастың өліміне себеп болған оқиға бойынша сот үкімі қайта қаралды, деп хабарлайды Politico.kz Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Апелляциялық инстанция алғашқы тағайындалған жазаны тым қатаң деп танып, оны жеңілдету туралы шешім қабылдаған.

Іс материалдарына сәйкес, 49 жастағы әйел Ақтаудағы емханалардың бірінде медбике болып жұмыс істегенімен, тиісті лицензиясы мен арнайы білімі болмай тұра, өз үйінде «емшілік» қызметін көрсеткен. 2025 жылдың 26 қарашасында кешкі уақытта ол «емдеу» барысында емделушінің тамағын қолымен қысып, салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмған.

Бұған дейін Мұнайлы аудандық соты күдіктіні абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру бабы бойынша кінәлі деп танып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған еді. Сонымен қатар сот оның кәмелетке толмаған баласының болуын ескеріп, жазаны өтеуді кейінге қалдырған.

Қорғау тарапы үкімге шағым түсіріп, сотталушының кінәсін мойындауы мен жәбірленуші тараппен татуласуын негізге ала отырып, жазаны жеңілдетуді сұраған. Апелляциялық сот алқасы бұл уәждерді ескеріп, істегі жеңілдететін мән-жайлар толық қарастырылмаған деген қорытындыға келген.

Нәтижесінде сот үкімі өзгертіліп, әйелге 1 жыл 6 ай мерзімге пробациялық бақылаумен бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Оған тұрғылықты жері мен жұмыс орнын ескертусіз өзгертуге, ойын-сауық орындарына баруға және түнгі уақытта үйден шығуға тыйым салынды. Сонымен қатар сот шешімімен оған емшілік қызметпен айналысуға да ресми түрде шектеу қойылды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий