Маңғыстауда сарбаздың өлімінен кейін командир сотқа тартылып, әскери шенеуніктер қызметінен кетті
Бас әскери прокуратура Ақтау гарнизонына қарасты әскери бөлім командиріне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы оқиға биыл 17 ақпанда Бейнеу полигонында өткен жоспарлы атыс жаттығулары кезінде болған. Сол кезде сарбаз Жайғалиев Р. қаза тапқан еді. Тергеу мәліметінше, әскери бөлім командиріне қызметтік міндетіне салғырт қарады деген айып тағылып отыр.
Прокуратураның хабарлауынша, тергеу барысында командирдің жеке құрамды бақылау және қарумен жұмыс істеу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты жарғылық талаптарды толық орындамағаны анықталған. Ведомство өкілдері бұл қайғылы жағдайға дәл осы салғырттық себеп болды деп отыр.
«Тергеу барысында командир жеке құрамды бақылау және қарумен жұмыс істеу тәртібін қамтамасыз етуге қатысты жарғылар мен ведомстволық бұйрықтарда көзделген шараларды қабылдамағаны анықталды. Қайғылы оқиғаға да осы себеп болған», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар әскери прокурорлардың бақылауымен жүргізілген тергеу кезінде бірқатар сот сараптамалары тағайындалып, жеткілікті дәлелдер жиналғаны айтылды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сот қарауына жіберілген.
Ведомство мәліметінше, оқиғадан кейін барлау-шабуыл батальонының командирі, оның орынбасары және рота командирі қызметінен босатылған. Бұдан бөлек, 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Соңғы жаңалықтар