Маңғыстаудағы Қапам ата жерасты мешітіндегі пластик терезелер алынып тасталды

10.06.2026 10:45 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Маңғыстаудағы Қапам ата жерасты мешітіндегі пластик терезелер алынып тасталды
253
Фото: Lada.kz

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында орналасқан тарихи Қапам ата жерасты мешітіне заңсыз орнатылған пластик есік пен терезе бұзылып, нысан өзінің бастапқы қалпына келтірілді, деп хабарлайды Politico.kz порталы Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Тарихи орынның бұрынғы табиғи қалпына келген видеосы әлеуметтік желілерде де тарап үлгерді. Бұған дейін кейбір жергілікті тұрғындар қыс мезгілінде келетін зияратшыларды суық пен желден қорғау үшін мұндай жағдай жасауды құптаған болатын. Алайда бұл әрекет тарих пен мәдениет ескерткішінің құндылығын жояды.

Маңғыстау облыстық әкімдігі бұл нысанды жергілікті маңызы бар мемлекет қорғауына алынатын ескерткіштер тізіміне енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Осы мақсатта өткен жылдың жазында арнайы сараптама жүргізіліп, мешіттің тарихи-мәдени құндылығы расталған еді. Дегенмен желтоқсан айында бұл жерде заманауи пластик терезелер мен есіктер пайда болған.

Жергілікті билік бұл жөндеу жұмысын вандализм актісі ретінде бағалап отыр. Заң бұзушыға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 145-бабына сәйкес 10-нан 200 АЕК-ке дейін айыппұл төлеу қаупі төнген. Бұл 43 250 теңгеден 865 мың теңгеге дейінгі соманы құрайды.

Есік-терезені нақты кім орнатқаны әзірге беймәлім. Болжам бойынша оны жергілікті тұрғындардың бірі жақсы ниетпен жасап, қоғамдағы шудан кейін өздігінен алып тастаған болуы мүмкін. Облыстық, аудандық және ауылдық деңгейдегі әкімдік өкілдері мұны кім жасағанын білмейтіндерін айтады.

Таушық ауылынан солтүстік-батысқа қарай 22 шақырым қашықтықта орналасқан мешіт XIX ғасырға тиесілі. Өңірдің сопылық және дәстүрлі діни ілімдеріне қатысы бар жерасты ғибадат орны жұмсақ тау жынысын қашау арқылы жасалған. Бұл тарихи нысан ашық шөлді даладағы тік жартаста орналасқан.

Войдите, чтобы оставить комментарий