Мақпал Жүнісова Президенттен жоғары марапат алды
Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ІІ дәрежелі «Барыс» орденін алды, деп хабарлайды Politico.kz.
Президент мәдениет және өнер саласының өкілдерін марапаттау рәсімінде Мақпал Жүнісованың қазақ өнеріндегі орны ерекше екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, әншіні халық, әсіресе әйелдер қауымы ерекше жақсы көреді.
Салтанатты жиында сондай-ақ белгілі әнші әрі домбырашы Татьяна Бурмистрова «Отан» орденімен марапатталды. Ал Марина Ганцева ІІІ дәрежелі «Барыс» орденіне ие болды.
Президент өз сөзінде биыл мәдениет пен өнер саласында еңбек етіп жүрген 120 маман мемлекеттік наградамен марапатталатынын айтты. Сонымен қатар бірқатар өнер қайраткерлеріне «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілетіні белгілі болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев төл мәдениеттің түркі өркениетінің ажырамас бөлігі екенін айтып, биыл мемлекеттік наградалар қатарына Qoja Ahmet Yasaui ордені енгізілгенін де еске салды.
Президенттің айтуынша, бұл марапат Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан отандық және шетелдік қоғам қайраткерлеріне табысталады. Бұған дейін аталған орден Режеп Тайип Ердоған мен ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Одрэ Азулеге берілген.
Соңғы жаңалықтар