Мәжілісмен Бақытжан Базарбектің сот шешімін елемегеніне "екі жылдай" болды
Оралдағы «Циолковский» тұрғын үй кешенінің айналасындағы атышулы сот дауы қайта жалғасты. Бұл жолы кәсіпкерлер Роберт және Жанар Ирменовтердің өкілі Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбекті сот актісін орындамай отыр деп мәлімдеді. Бұл туралы «Мой Город» сайтына сілтеме жасап Politico.kz хабарлайды.
Кәсіпкерлердің мүддесін қорғаушы Светлана Клёнина депутаттың әрекетіне қатысты көпшілікке қайта үндеу жасады. Оның айтуынша, мәжілісмен депутаттық қолсұғылмаушылықты пайдаланып, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау туралы сот шешімін ұзақ уақыттан бері елемей келеді.
Бұл даудың тамыры Оралдағы «Кублей» ЖШС зауыты мен тұрғындар, әкімдік және кәсіпкерлер арасындағы сот процестерінен бастау алады. Ол кезде Бақытжан Базарбек зауыттың мүддесін қорғаушы заңгер ретінде іске қатысқан болатын.
Клёнинаның сөзінше, сол тұста заңгер тарапынан күшті ақпараттық шабуыл жасалған. Ол әлеуметтік желілерде Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Жақып Асановты, Батыс Қазақстан облысының экс-әкімі Ғали Есқалиевті және кәсіпкер Роберт Ирменовті сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп айыптап, пікір білдірген. Сонымен қатар, Президенттің суретімен фотомонтаж жасап, қарсыластарын қызметтен кетіруге уәде берген. Қорғаушы бұл әрекеттерді Базарбектің Парламентке өтуге арналған жеке пиар-кампаниясы деп санайды.
Дегенмен, сол кездегі құрылыс дауында Бақытжан Базарбек өкілдік еткен «Кублей» зауыты сотта жеңіліс тапты.
Құрылыс дауы аяқталғаннан кейін Ирменовтер отбасы Бақытжан Базарбектің үстінен Орал қаласының №2 сотына шағым түсіреді. 2023 жылдың 21 қыркүйегінде сот шағымды ішінара қанағаттандырып, заңгердің Facebook желісіндегі және Ulysmedia арнасындағы мәлімдемелерін шындыққа жанаспайды деп таныды.
Сот шешіміне сәйкес, Базарбек Ирменовті «олигарх» деп атағаны және экс-әкім Есқалиевті мүдделерді лоббиледі деп айыптағаны үшін 10 күн ішінде ресми теріске шығару жариялауға міндеттелді. Оған қоса, Роберт Ирменовке 100 мың теңге, ал Жанар Ирменоваға 50 мың теңге көлемінде моральдық шығын төлеуі тиіс болды. Желтоқсан айында облыстық сот бұл шешімді күшінде қалдырды.
Бір жыл күткеннен кейін, 2024 жылы іс жеке сот орындаушысы (ЖСО) Міржан Ахметовке берілген. Алайда, хабарламалар депутаттың Астана мен Алматыдағы мекенжайларына, сондай-ақ 2026 жылдың 8 маусымында WhatsApp пен электронды поштасына жіберілгеніне қарамастан, ешқандай жауап болмаған.
"Сот шешімі заңды күшіне енген сәттен бастап 2024 жылдың қазанына дейін менің сенім білдірушілерім әлеуметтік желілерде "Сот жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін" медалімен мақтанатын Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек өзі қабылдаған заңдарды сақтай бастағанын күтті. Бірақ бәрі нәтижесіз. Ол өзінің аккаунттарында өзін мақтайды, басқалардан сот актілерін орындауды талап етеді, бірақ өзі осы уақытқа дейін сот шешімін орындамаған", – дейді Светлана Клёнина.
Сот орындаушысының құжатына сәйкес, сот актісінің орындалмағанына 593 күн (2024 жылдың 30 қазанынан бастап) өткен. Заң бойынша әр кешіктірілген күн үшін 2 АЕК көлемінде өсімпұл есептеледі. Жалпы жиналған қарыз сомасы 4 762 802 теңгені құраған. Бірақ жеке тұлғалар үшін өсімпұлдың шекті мөлшері 360 АЕК болғандықтан, ЖСО соттан Бақытжан Базарбектен заңмен рұқсат етілген ең жоғары соманы — 1 557 000 теңгені мемлекет пайдасына өндіруді сұрап отыр.
Кәсіпкерлердің өкілі бұған дейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың атына да хат жолдаған. Бірақ оларға депутат М. Магеррамовтың қолы қойылған жауап хат келіп, онда "сот актілерін мәжбүрлеп орындату Мәжіліс құзыретіне кірмейтіні" түсіндірілген.
Светлана Клёнина бұл жағдайға наразылық білдірді.
"Демек, Бақытжан Базарбек құрылыс бойынша сот дауы қаралып жатқан кезде өзіне пиар-науқан жасап, лауазымды тұлғалар мен менің сенім білдірушілерімнің ар-намысын қорлап, ардақты депутаттыққа ие болып, енді қол сұғылмаушылықты желеу етіп, заңдарға түкірді ме? Парадокс! Депутатқа жазушы Джордж Оруэллдің "Барлығы тең, бірақ кейбіреулері басқаларға қарағанда тең" деген сөзі жақын сияқты. Бұқаралық ақпарат құралдарында сот шешімдерін орындамағандарды қатаң жазалауды талап ете отырып, ол өзі заңды қасақана елемейді", – дейді ол.
Соңғы жаңалықтар