Мені 10 ай аш жұмыс істеткен адамдар болды — Дана Нұржігіт

01.09.2026 16:28 Томирис САҒЫНДЫҚ
Мені 10 ай аш жұмыс істеткен адамдар болды —  Дана Нұржігіт
90
Фото: видеодан скриншот

Тележүргізуші Дана Нұржігіт еңбек жолындағы қиындықтар, өмірдің мәні мен азаматтық ұстанымы туралы ой бөлісті. Ол өз сөзінде жас мамандармен арадағы көзқарас айырмашылығына, жеке отбасылық қуаныштары мен қоғамдық белсенділігіне тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Дана Нұржігіт «Айтарым бар» подкастында әңгімеледі.

Жұмыс барысындағы буындар қақтығысы мен кәсіби талаптар туралы айта келе, ол ұжымдағы түсініспеушіліктерді мысалға келтірді:

«Бір үлкен телевизиялық арна болады, сіз күте тұрыңыз, біз команда жинап алайық», — деді. Мені 10 ай бойы аш отырғызып қойып, жұмыс істеткен адамдар болды. Мен соның бәріне шыдадым десем, олар: «Сендер совет одағында туғандықтан, соған шыдап отыра бересіңдер. Біз ондайға көнбейміз», — дейді. Мен: «Жарайды, онда сенің құндылығың қандай? Мен саған ақша төлейтіндей қандай біліктілігің бар? Сен неге біреуден артықсың? Сен, мысалы, мынандай блогерлерден артық түсіре аласың ба? Мынандай мобилограф бола аласың ба?» — деп сұраймын. Сөйтіп, екеуміз кәдімгідей пікірталасқа түстік»,— деді тележүргізуші.

Сонымен бірге медиаөкілі тіршілік философиясы, өмірлік құндылықтар мен бала тәрбиесінің маңыздылығына назар аударды:

«Өмірдің мәні жоқ. Мен сізге айтайын. Ол мәнді табатын — адамның өзі. Таңертең тұрған кезде: «Не үшін тұрдым? Бүгін не істеймін? Бүгін менің жоспарым қандай?» — деп ойланасың. Бүгінгі менің өмірімнің мәні — баламның табелін мектептен алып кетіп, авиациялық колледжге тапсыру. Оның авиаинженер болатынына деген үміт мені жетелейді, өміріме мән береді. Көрдіңіз бе? (...). Жоқ, олар дәл солай өмір сүрмейтін шығар. Күннен-күнге, күнде-күнде, түнде соны ойламайтын шығар. Шындығында, бәрі өз қолымызда: біздің денсаулығымыз, гормондарымыз, тамақтану салтымыз бен өмір сүру салтымыз маңызды. Мен, әрине, «Өмірде мән жоқ» деген сөзді екі жарым жыл бұрын басқаша күймен айтушы едім. Менің өмірімнің мәні осы болып кетті. Мен оны қалаған жоқпын, бірақ маған Алла Тағала соны бастан кешуді жазған екен, иә? Ол кездегі мән — осы тығырықтан жеңіп шығу болды», — деді Дана Нұржігіт.

Сөз соңында ол заңнамалық бастамаларға мұрындық болу, қоғамға пайда әкелу және адамзаттық миссия туын көтерудің мәнін түсіндірді:

«Содан кейін «Сталкинг» деген заңды қабылдату, дауысымды естірту, осы істі аяғына дейін жеткізу, кітапты соңына дейін жазып шығу мақсатым болды. Мені сырттымнан біреу итеріп отырғандай әсерде болдым. Бұл тіпті өзімнің де күшім емес еді. Мен осыны жеткізбесем, осыны жазбасам болмайтындай еді. (...). Әрине, ол өзгеріп тұруы керек. Ең үлкен миссиям — біріншіден, өзімнің денсаулығым сау болуы керек, жақсы азамат тәрбиелеуім керек, баламның дені сау болуы керек, айналам аман-есен болып, Отанымда тыныштық орнауы керек. Ең үлкен миссия — адамзаттың бір-бірімен үйлесімде өмір сүруі», — деді тележүргізуші.

Войдите, чтобы оставить комментарий