"Менің атым Айнұр болған": Шетелдіктер асырап алған қазақстандық қыз ата-анасын іздеп жүр

16.06.2026 09:57 Мөлдір ҚАЙНАР
203
Фото: facebook.com/krysta.harrison

Әлеуметтік желіде нәресте кезінде шетелдік отбасы асырап алған қазақстандық Криста есімді қыздың оқиғасы көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жылдар өткен соң бойжеткен өзінің биологиялық ата-анасын іздеуге бел буып, Facebook желісіндегі Kazakhstan Adoption қауымдастығына жазба жариялаған.

Кристаның айтуынша, ол 2003 жылы Қазақстанда дүниеге келген. Ал 2004 жылы Орал қаласынан шетелдік отбасы асырап алған.

«Сәлем! Менің атым Криста. Мені 2004 жылы Орал қаласынан асырап алған. Мен 2003 жылы дүниеге келдім. Туған кезде маған Ғабдрахманова Айнұр Ниязбекқызы деген есім берілген. Биологиялық анамның аты – Нұргүл. Биологиялық ата-анам туралы кез келген ақпаратқа өте ризамын», – деп жазды ол.

Бойжеткеннің жазбасы әлеуметтік желі қолданушылары арасында кеңінен тарап, көпшілік оған көмектесуге ниет білдірді. Пікір қалдырушылардың бірі құжаттарда тегі қате жазылған болуы мүмкін екенін айтса, енді бірі Орал қаласындағы ықтимал туыстарын іздеуге кіріскен.

«Сізге сәттілік тілейміз!», «Мүмкін, тегі Әбдірахманова шығар?», «Анасын тауып кетсін», «Іздеген жандарымен қауышсын» деген тілектер әлеуметтік желіде көптеп жазылып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий