"Менің концертіме халық өзі келеді": Мақпал Жүнісова Роза Рымбаеваның сұхбатына жауап берді
Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова әріптесі Роза Рымбаеваның сұхбатынан кейін тараған әңгімелерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, өзінің концерттері туралы айтылған сөздерге жауап берді.
Әншінің айтуынша, желі қолданушылары Роза Рымбаеваның «кейбір әншілердің концертіне халықты күштеп кіргізеді» деген пікірін Мақпал Жүнісованың гастрольдерімен байланыстыра бастаған. Алайда ол мұндай әңгімелердің шындыққа жанаспайтынын айтты.
«Осылай жазған кісілерге “оттамаңдар” деп айтқым келеді. Мен өмірімде әкімдікке барып, “концерт жасап беріңдер” деп айтқан емеспін. Менің ән кештеріме халық өзі келеді», – деді Мақпал Жүнісова.
Өнер иесі гастрольдік сапарларында көрермендердің өз еркімен келетінін айтып, мұны тексергісі келетіндерді өзімен бірге барып көруге шақырды.
«Өтірікті кішкене болсын шындыққа жанасатындай етіп айтсаңдаршы. Менімен бірге гастрольге шығып, тексеріңіздер. Әкімдікке кіріп көрмеген адаммын. Менің концертімде мұндай болмаған да, болмайды да», – деді әнші.
Сонымен қатар Мақпал Жүнісова мұндай мәлімдеме жасалғанда нақты кім туралы айтылғанын ашық көрсету керек еді деген пікір білдірді.
«Роза апамыз сұхбат бергенде сол әншілердің атын атап айтқаны дұрыс болар еді», – деді Мақпал Жүнісова.
Соңғы жаңалықтар