Мейірман Шекеев халық қолдаса, депутаттыққа баруға дайын
Қоғамда құқықтық мәселелерде белсенділігімен танылған заңгер Мейірман Шекеев өзінің депутаттыққа бару-бармауына қатысты сұраққа Qazaqordasy Youtube арнасында жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz порталы Kursiv.media-ға сілтеме жасап.
Ол бұл қадамға мансап немесе төсбелгі үшін емес, елдегі әділетсіз заңдармен күресіп, халыққа пайдалы шешімдер шығару мақсатында ғана баратынын жеткізді. Оның айтуынша, қарапайым халық арасында жүріп-ақ ауқымды жұмыстар атқаруға болады.
«Мен бұрын саясатпен айналыспаймын деп айтатынмын, бірақ заңның қисықтығымен күресуден шаршадым және Парламентке барсам, қазаққа пайдасын тигізетін заңдар шығару үшін барамын», — деді Мейірман Шекеев.
Заңгер Парламентте тек үнсіз құжатқа қол қоюшы болғысы келмейтінін ескертіп, депутат болу үшін өзіне сөйлеу еркіндігі берілуі қажет екенін баса айтты.
«Егер шақырса, менің де шартым болуы керек, өйткені маған сөйлеу құқығын бермейтін болса, мен бармаймын, ал еркіндік беріліп, халық қолдаса, заң шығаруға барамын», — деді ол.
Оның сөзінше, қазіргі Парламентте Бақытжан Базарбек, Мұрат Әбенов, Асхат Аймағамбетов пен Абзал Құспан сияқты санаулы ғана депутаттар нақты заң жазып жатыр. Қазіргі таңда Мейірман Шекеев Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адам қайтыс болған жол апатына қатысты сотта жәбірленуші тарапты қорғап жатыр.
Соңғы жаңалықтар