Михаил Шайдоровқа жалақы төленбегені үшін кім жазаланды?

09.06.2026 12:15 Әсел МҰРАТ
Михаил Шайдоровқа жалақы төленбегені үшін кім жазаланды?
145

Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың келісімшартына қатысты туындаған мәселе толық шешімін тапты. Бұл туралы спорт министрі Ербол Мырзабосынов айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Министрдің айтуынша, спортшымен келісімшарт жасалып, тараптар құжатқа қол қойған. Оның сөзінше, бұл – еліміздегі барлық спортшыларға, оның ішінде Олимпиада чемпиондарына да қолданылатын бірыңғай стандартты келісім.

«Михаил Шайдоровтың келісімшартына қатысты мәселе толық шешілді. Келісімнің барлық шарты түсіндірілді, құжатқа қол қойылды. Айта кету керек, бұл келісім барлық спортшылар үшін бірдей. Ол халықаралық тәжірибе, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің ұсынымдары және Жоғары аудиторлық палатаның талаптары негізінде әзірленген. Сондықтан БАҚ-тың ықпалына қарамастан, жекелеген спортшы үшін бөлек келісімшарт жасау мүмкін емес», – деді министр.

Еске салайық, бұған дейін Михаил Шайдоров 2026 жылғы Милан қысқы Олимпиада ойындарындағы жеңісінен кейін жалақы төлеу тоқтатылғанын мәлімдеген болатын. Сонымен қатар ол 1 ақпаннан бастап ресми медициналық бақылаудан шеттетілгенін айтқан. Бұл туралы спортшы Тимур Балымбетовтің YouTube-арнасына берген сұхбатында хабарлаған еді.

Жағдайдың туындау себептері мен жауапкершілік мәселесіне тоқталған Ербол Мырзабосынов тараптар оқиғаны жан-жақты саралап, мәселенің негізінде байланыс пен түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі жатқанын анықтағанын жеткізді.

«Біз Михаилмен бірге жағдайды мұқият талдап, тиісті қорытынды жасадық. Шынында да, екі тараптың менеджерлері мен жауапты қызметкерлері арасында коммуникацияда олқылықтар болған, келісім талаптары дұрыс түсіндірілмеген. Соның салдарынан осындай мәселе туындады. Бүгінде Михаилға қатысты түйткіл толық шешілді деп санаймын. Сондықтан осы мәселеге нүкте қойған жөн. Қазір спортшылар үшін ең маңыздысы – жаңа маусымға сапалы дайындалу», – деді министр.

Оның айтуынша, Олимпиада алдындағы дайындық кезеңінде түрлі ұйымдастырушылық мәселелердің туындауы қалыпты жағдай. Алайда мұндай түйткілдердің барлығы жұмыс тәртібі аясында шешіледі.

«Тағы да қайталап айтқым келеді, екі тараптың жауапты мамандары мен менеджерлері түсіндіру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізбеген. Осыған байланысты олар тәртіптік жаза алды», – деді Ербол Мырзабосынов.

Бұған дейін мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Миланда өткен Олимпиада ойындарындағы жеңісінен кейін осы уақытқа дейін жалақы алмағанын және дәрігерсіз қалғанын мәлімдеген еді. 

Кейінірек Спорт және дене шынықтыру істері комитеті спортшының тиесілі төлемдерін жақын арада алатынын хабарлады.

Алайда арада көп уақыт өтпей, Шайдоров тағы бір мәлімдеме жасап, «өз есімінің түрлі алыпқашпа әңгімелер мен негізсіз айыптауларға араластырылуына жол бермейтінін» жеткізді. Ал 1 маусымда спорт министрлігі спортшымен келісімшарттың ресми түрде жасалғанын мәлімдеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий