Миллиардтап шығынға батқан Екібастұз ГРЭС-2 басшылығына неліктен сыйақы берілгені айтылды

25.08.2026 16:16 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Миллиардтап шығынға батқан Екібастұз ГРЭС-2 басшылығына неліктен сыйақы берілгені айтылды
49
Фото: gres2.kz

Үш жыл қатарынан шығынмен жұмыс істеген Екібастұз ГРЭС-2 басқармасына неліктен сыйақы төленгені белгілі болды. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте «Самұрық-Энерго» АҚ өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Брифинг барысында журналистер компания өкілінен 2025 жылы шығынға ұшыраған станция басшылығына қандай негізде сыйақы берілгенін сұрады.

«Біріншіден, басқарманың сыйақысы директорлар кеңесінің шешімімен қабылданатынын айтқым келеді. ГРЭС акционерлері елу де елу үлеспен «Самұрық-Энерго» мен «Самұрық-Қазына». 2025 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша қаржы-шаруашылық есептілігінен кейін директорлар кеңесі басқарма мүшелері өздерінің KPI көрсеткіштерін орындады деген шешім қабылдады, осыған сәйкес олар өз сыйақыларын алды», – деді «Самұрық-Энерго» АҚ өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Ғалымбек Ауталипов.

Сондай-ақ спикерден электр станциясының компаниядан алған қарызы туралы да сұралды.

«Қарыздарға келетін болсақ, жалпы станция қаржылық дағдарысты бастан өткеріп жатыр. Сондықтан біз бұл станция электр энергиясын өндіру бойынша операциялық қызметін жүзеге асырып, әрі қарай жұмыс істей алуы үшін ағымдағы қарыздарды өтеуге оқтын-оқтын қаражат тартамыз», – деді ол.

Еске салайық, 24 тамызда шығынға батқан Екібастұз ГРЭС-2 басқармасына 2025 жылы 350 млн теңге көлемінде жалақы мен сыйақы төленгені белгілі болған еді.

Бұл кәсіпорын «Самұрық-Энерго» АҚ мен «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі. 2026 жылы компания қарыздарын өтеу үшін акционерлерінен ақша алған.

Айта кетейік, аталған электр станциясы үшінші жыл қатарынан шығынмен жұмыс істеп келеді. Оның шығыны 2025 жылы 9,6 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 10,7 млрд болса, ал 2023 жылы 17,3 млрд теңгеге жеткен.

Войдите, чтобы оставить комментарий