"Миллиондаған көрерменге вирус жұқтырды". Тіл жанашыры Тұрсынбек Қабатовқа ренішін айтты

10.09.2026 13:45 Томирис САҒЫНДЫҚ
137
Фото: видеодан скриншот

Тіл жанашыры Кәмнұр Тәлімұлы бұқаралық ақпарат құралдары мен сахна өкілдерінің сөйлеу мәдениетіне тигізер әсеріне тоқталып, сонымен бірге қоғамдағы жағымпаздық пен екіжүзділік дерті туралы өз пайымын білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы тіл жанашыры тележүргізуші Айнұр Асанбердімен болған сұқбатта әңгімеледі. 

Тіл жанашырының айтуынша, танымал тұлғалардың сахнада немесе медиа кеңістікте жергілікті диалектілер мен бұрмаланған сөз тіркестерін қолдануы бұқара арасында сөйлеу мәдениетінің төмендеуіне әкеп соқтырады. Ол әсіресе әдеби нормалардың сақталуына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

«Менің бұл мәселеде Тұрсынбек Қабатовқа ренжитін себебім: ол былтыр Батыс өңірінің, оның ішінде Оралдың «жаргонын» қолданып, миллиондаған көрерменге кәдімгідей вирус жұқтырып кетті. «Айтып жатырық, істеп жатырық, жасап жатырық» деген сияқты бұрмаланған сөздерді жиі айтады. Мен оларға: «Айналайын-ау, "тырт" деген дыбыс адамның аузынан емес, басқа жерінен шығады ғой», — деп айтамын. Қазақта «Неге тырт-тырт етіп отырсың, неге тырқылдайсың?» деген ыңғайсыз сөз тіркесі бар. Бұл — анайылау сөз. «Айтып жатырық, жазып жатырық» деген сөздер әдеби нормаға мүлде сәйкес келмейді. Біз тілдің әдеби нормасын сақтауымыз қажет. Одан бөлек, сөйлегенде «бір рез» деген сөзді жиі қосады. Бұл — дұрыс сөз емес, бөз. «Бір рез» деп емес, рет, мәрте, қайта, қайтара, дүркін деп айтылуы керек. Қазақ тілінде синонимдер өте көп. Өзің де журналистика факультетін бітіргендіктен, мұны жақсы білесің. Олай болса, қазір адамдар әдеби кітап оқымай ма, әлде оқыса да мән бермей ме? Қалай болғанда да, біз сөйлеу мәдениетіне ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Әсіресе, өзімізді «ана тілін білеміз» деп есептейтін қазақтар сөйлеу мәдениетімізді көтеруіміз керек», — деді Кәмнұр Тәлімұлы.

Сұхбаттың келесі бөлігінде Кәмнұр Тәлімұлы адам бойындағы жағымпаздық қасиеттің шығу тегі мен оның салдарына тоқталды. Ол лауазымды немесе әлеуметтік жағдайы жоғары тұлғаларға жағынудың соңы екіжүзділікке апаратынын ескертті.

«Жағымпаздық — қоғамдағы ең қауіпті дерттердің бірі. Бұл — бастыққа, басшыға, байға, бағланға, яғни өзінен дәрежесі мен әлеуметтік әл-ауқаты жоғары адамдарға жағымпаздану. Ал жағымпаздық түбінде адамды екіжүзділікке ұрындырады. Дүниеде адам бойындағы ең жаман қасиет — екіжүзділік. Дін шариғатында ондай адамдарды «мұнафиқ» деп атайды. Мен бұл «мұнафиқ» сөзінің мағынасын имамдардың үлкен жиынында түсіндіріп бергенде, Сансызбай ұстаз бен Шоқан ағамыз өте ырза болған еді. Сонда мен оларға: «Шариғат тіліндегі "мұнафиқ" деген сөзді қазақшаға былай аудардым: бұл — Алланы да сыйлайтын, шайтанды да қимайтын адам», — деп айттым. Бұл сөз тура мағынасында екіжүзділікті білдіреді. Қазақта «Екіжүзді би ханға жағады, екіжүзді қатын байға жағады» деген нақыл сөз бар. Екіжүзділік — өте жиіркенішті қасиет, ал жағымпаздық адамды сөзсіз осы екіжүзділікке апарып соғады. Ондай адамдар сіздің көзіңізге бір түрлі айтса, артыңыздан мүлде басқаша сөйлейді. Мысалы, үшінші бір адамды сізге жамандап келеді де, дәл соның өзін көзіңізше мақтай бастайды. Егер қарсы алдында бастық, бай, лауазымды немесе өзінің күні түсетін, қолынан іс келетін адам тұрса, олар соған жағымпаздануға дайын тұрады. Ең сорақысы — осы жағымпаздық дерті. Менің жаным сүймейтін, жек көретін нәрсем де — осы жағымпаздық. Қазақ халқы: «Турасын айтқан туғанына жақпайды», — деп тегін айтпаған. Сондықтан жақыныңа жақпасаң да, әрдайым шындықты тура айту керек. Тіпті адамдарға жақпасаң да, Жаратқанға жағатындай ақиқатшыл болуымыз қажет. Біз көбіне адамдардың көңіліне қарап, босаңсып, жағынып, екіжүзділік танытып жүретін кездеріміз болады. Кейбір адамдар осы жағымпаздыққа әбден төселіп, бойларын бұл әдетке толық билетіп алған. Жағымпаздық — өте сорақы құбылыс. Бұл туралы айта беретін сөз өте көп...» — деді тіл жанашыры.

Войдите, чтобы оставить комментарий