Министрлік Ұлдананың өліміне неге МИБ төрайымы сотталып жатқанын түсіндірді

25.08.2026 15:23 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Министрлік Ұлдананың өліміне неге МИБ төрайымы сотталып жатқанын түсіндірді
144
Коллаж: Kazinform

Астанада үзіліп түскен кондиционер 23 жастағы фельдшердің өмірін қиды. Осы қайғылы оқиғадан кейін сот алдында құрылыс компаниясы емес, мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) басшысы жауап беріп жатыр. Тұрғын үй меншік иелеріне өткеннен кейін оның жағдайына тікелей МИБ жауапты. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, қайғылы оқиға болған тұрғын үйдің салынғанына 20 жылға жуықтаған. Сондықтан жауапкершілік құрылысшыларға жүктелмейді.

«Одан әрі бұл үй МИБ балансына өтеді. Яғни, тұрғын үйдің жағдайына меншік иелері жауап береді. Техникалық тексеру жүргізіліп, тиісті комиссия болды. Онда кондиционер орнатудың жекелеген элементтері бар. МИБ басшысы үйді басқаруға кіріскен кезде тиісті құжаттаманы қабылдап, осы конструкциялардың жекелеген элементтерінің тозу деңгейін, қандай жағдайда екенін қарап шығуы тиіс еді. Ал кейіннен жылына екі рет бүкіл нысанға визуалды қарау жүргізуі қажет», – деді вице-министр.

Қажкенов құрылыс компаниясы ғимаратты тапсырған кезде қасбетте кондиционер мүлде болмауы мүмкін екенін де айтты.

«Мен мынадай мысалдарды да келтірдім. Бұрын суағар болған, бірақ кейін пайдалану барысында оны алып тастаған. Салдарынан бүкіл су кірпіш ғимараттың құрылымы арқылы жертөлеге кетіп, кейін дәл сол қасбет опырылып түскен. Мұндай мысалдар өте көп, бұл жерде күтіп-ұстауға тікелей МИБ жауап береді. Мәселен, ертең осы нысанда біраз уақыттан кейін қасбетке, шатырға және басқа да элементтерге күрделі жөндеу жүргізіледі. Бірақ құрылыс компаниясы бұл нысан үшін 20-30 жыл бойы жауап бере алмайды ғой. Бұл жерде заңнама аясында жауапкершілік нақты белгіленген», – деді Қажкенов.

Еске салайық, қайғылы оқиға 2025 жылдың 8 қарашасында Астанадағы Тәуелсіздік даңғылында орналасқан №24Б үйінің жанында болды. Қасбеттің кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысы опырылып құлаған кезде бес адам зардап шеккен еді. Зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіп жатқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның үстіне тоғызыншы қабаттан кондиционер блогы құлап кеткен. Бойжеткен жансақтау бөлімінде он күн жатып, 18 қарашада есін жимастан көз жұмды.

Қазіргі уақытта бұл іс бойынша МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова сотталып жатыр. Айыптау тарапының мәліметінше, ол қасбетті жөндеу қажеттігін білген. Алайда тиісті жұмыстарды ұйымдастырмаған. Соттық құрылыс-техникалық сараптамасы қасбеттің бұзылуы біртіндеп жүргенін анықтады. Алдымен қаптамада жарықшақтар мен зақымдар пайда болған. Содан кейін ылғалдану мен қатып қалу салдарынан оның қабырғаға жабысу беріктігі төмендеген. Жұбаниязова өз кінәсін мойындамайды.

Істі қарау әлі жалғасып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий