Мұхит Сапарбаев: Менің өміріме онкология келді

20.08.2026 22:00 Томирис САҒЫНДЫҚ
Мұхит Сапарбаев: Менің өміріме онкология келді
56
Фото: видеодан скриншот

Журналист әрі медиа маманы Мұхит Сапарбаев бастан өткерген ауыр сырқаты мен оның өмірлік көзқарасына тигізген әсері туралы айтып берді. Оның сөзінше, онкологиялық дертпен күрес тәжірибесі бұрынғы құндылықтарын қайта қарауға және өмірге деген түсінігін түбегейлі өзгертуге мүмкіндік берген, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы журналист Мұхит Сапарбаев «Кездесу» подкастында әңгімеледі.

«Менің өміріме онкология келді. Қазір, арада уақыт өткеннен кейін "Сол оқиғаға деген көзқарасың қандай?" деп сұрасаңыз, мен қуаныштымын дер едім. Ол тәжірибе өмірімде болғанына қуанамын, өйткені ол менің көптеген ұғым мен түсінігімді өзгертті», — деді Мұхит Сапарбаев.

Сонымен қатар ол журналистика саласындағы кәсіби жолына баға беріп, бұрынғы амбициялары мен қазіргі пайымының айырмашылығына тоқталды. Оның айтуынша, дерттен кейін ол адамдардың іс-әрекетіне баға беру мен өмірдегі әділдік ұғымына әлдеқайда терең әрі саналы түрде қарай бастаған.

«Мен журналист болып жүргенде белгілі бір шындыққа, әділдікке қол жеткізгеніме, бір нәрсені өзгерте алғаныма шаттанатынмын. Материалдарым жарық көрген соң кейбір адамдардың жұмысынан босатылғанын көргенде немесе қоғамда үлкен резонанс туындағанда қатты қуанушы едім. Өзімді әлемді құтқарып жүрген адамдай сезінетінмін... Иә, иә. Бірақ ол — Құдайдың рөлі ғой. Мен кіммін сонша біреуді жазалайтын, біреуді өзгертетін, біреуді жөнге салатын? Бұл өмірде барлық нәрсе әділетті, барлығы өз орнында. Дәл қазір біз сіздермен сұқбаттасып, сөйлесіп отырған сәтте де біреу біреуді өлтіріп жатыр, біреу біреуді алдап жатыр, біреу қуанышты хабар алып жатыр — түрлі-түрлі оқиға болып жатыр. Қай дүниенің біз үшін жақсылық, қай дүниенің жамандық екенін мен білмеймін. Және де бұл жағдай маған оянуға, өмірді саналы түрде сүруге, өзіме оралуға өте қатты көмектесті», — деді Мұхит Сапарбай.

Войдите, чтобы оставить комментарий