Мыс бар. Енді одан не жасаймыз?

22.09.2026 16:04 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Мыс бар. Енді одан не жасаймыз?
103
ЖИ арқылы жасалған сурет

Қазақстан мысын көбірек өндірген сайын одан түсетін пайданың бәрі елде қалады деуге болмайды. Кенді қазып, металды балқытқаннан кейінгі жұмыс – кабель, қорытпа, техникаға қажетті бөлшек шығару – қай елде жүрсе, қосымша құнның елеулі бөлігі де сонда қалыптасады. Сондықтан сарапшылар мыс өндірісінің көлемімен қатар, оны ел ішінде қаншалықты терең өңдей алатынымызға назар аударуды ұсынып отыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Мұның себебі түсінікті: электр энергетикасы, көлік, байланыс, тұрмыстық техника мен компьютер өндірісіне мыс қажет. Бұған электромобильдер мен жаңартылатын энергетиканың дамуын қосыңыз. Осы салалардың өсуі металға сұранысты арттырып, қоры мол Қазақстанға жаңа мүмкіндік береді. Ендігі мәселе – сол мүмкіндікті қалай пайдалануда.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Экономика институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Еркін Садықовтың пікірінше, ел шикізаттан дайын өнімге дейінгі өндіріс сатыларын неғұрлым көбірек игерсе, бәсекеге қабілеті соғұрлым артады.

Алайда терең өңдеу үшін зауыт салудың өзі жеткіліксіз. Оған бағасы қолжетімді әрі тұрақты электр қуаты, дамыған көлік пен логистика, ілеспе өндірістер және білікті мамандар керек. Осылар қатар дамығанда ірі металлургиялық кәсіпорынның айналасында басқа да өндірістер мен қызмет көрсететін компаниялар қалыптасады: біріне жабдық қажет, екіншісіне жөндеу, тасымал, инженерлік қызмет немесе маман даярлау керек болады.

Садықов кен өндіруден бастап оны өңдеудің кейінгі сатыларына дейін дамыту экономиканы әртараптандырып, орнықты ете түседі деп есептейді. Ол өнеркәсіп кәсіпорындары бір-бірін толықтырып жұмыс істейтін кластерлерге мысал ретінде Чилиді, Қытайдың Цзянси провинциясын және Германиядағы Aurubis металлургиялық кешенін атайды. Ал Қазақстан өз үлгісін шикізат қорына, энергетикалық мүмкіндігіне, географиясына және осы уақытқа дейін жинаған өндірістік тәжірибесіне сүйеніп құруы қажет.

Бұл бағыт мемлекеттік өнеркәсіп саясатында да белгіленген. Садықов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің берік өнеркәсіптік негізін қалыптастырып, экономикалық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз ету жөніндегі ұстанымына назар аударады. Президент бастапқы өңдеуден өткен өнімді сыртқа сатып, есесіне терең өңделген тауарды шетелден әкелу тәжірибесінен біртіндеп арылу міндетін қойған.

Мыс саласында осы міндеттің салмағын көрсететін екі уақыт бар. Балқаш мыс балқыту зауыты 1938 жылы, ал Жезқазған зауыты 1970-жылдардың басында іске қосылған. Елдегі мыс металлургиясы әлі де едәуір дәрежеде кеңес кезеңінде салынған қуаттарға сүйенеді.

Тәуелсіздік жылдары мыс өндіру мен кен байыту көлемі айтарлықтай өскенімен, жаңа ірі мыс балқыту зауыттары салынбаған. Соның салдарынан шикізат өндіру оны әрі қарай өңдейтін қуаттардан жылдамырақ дамыған. Енді ішкі өңдеу көлемін ұлғайту керек, дегенмен балқыту қуатын көбейтумен ғана бүкіл міндет шешілмейді.

PhD, сарапшы Мейрам Атамановтың пікірінше, жаңа мыс балқыту кәсіпорындары концентрат экспортынан ел ішіндегі толық өндіріс тізбегіне көшуге жол аша алады. Бірақ заманауи зауыттың деңгейі шығарған металының көлемімен ғана өлшенбеуге тиіс.

Сарапшы бірінші кезекке экологиялық қауіпсіздікті қояды. Жаңа әрі жаңғыртылатын кәсіпорындарға газды тиімді тазартатын, құрамында күкірті бар қосылыстарды ұстап қалатын жүйелер, шығарындыларды автоматты бақылау және қалдықтарды басқарудың заманауи тәсілдері қажет.

Екінші талап – шикізаттың құрамындағы құнды заттарды барынша пайдалану. Мыс концентратында негізгі металдан бөлек те бағалы компоненттер бар, сондықтан оларды бөліп алу мен кәдеге жарату маңызды. Атаманов өндіріс қалдықтарын да біржола жоғалған материал деп қабылдамай, қайта өңдеуге болатын ықтимал шикізат ретінде қарастыру керегін айтады.

Үшінші міндет – балқытылған металды әрі қарай өңдеу. Катодты мыс шығару өндіріс тізбегінің соңғы нүктесі болмауы керек. Одан кейін кабель өнімдерін, қорытпаларды, энергетикаға, электроникаға, машина жасауға және басқа салаларға қажетті бөлшектерді өндіруге болады. Металдың экономикаға тигізетін әсері осы сатыларда кеңейе түседі.

Мұнда екі түрлі жол бар. Бірінде ел кен өндіріп, концентрат не металл күйінде сыртқа сатады да, әрі қарай өңдеуді басқа елдерге қалдырады. Екіншісінде өз шикізаты отандық өндірістердің тұтас бір жүйесіне негіз болады. Сарапшылар Қазақстанның біртіндеп осы екінші жолға көшуі қажет деп санайды.

Ол үшін шикізатты өңдеп, металл алудан бастап материал, бөлшек және дайын өнеркәсіп өнімін шығаруға дейінгі барлық сатыны дамыту керек. Сонымен қатар энергетикалық қуаттар, көлік инфрақұрылымы, технологиялық және сервистік компаниялар, отандық машина жасау, ғылым мен кадр даярлау жүйесі қатар жетілуге тиіс.

Сонда металлургияға салынған инвестицияның пайдасы зауыт аумағымен шектелмейді: инженерлер мен жұмысшыларға, жабдық пен қызметке сұраныс туып, кәсіпорын орналасқан өңір дамиды. Ал жиналған білім мен тәжірибені экономиканың өзге салаларында да қолдануға болады.

Екі сарапшының пікірі осы тұста тоғысады. Садықов терең өңдеуді экономиканы әртараптандырудың әрі орнықты етудің құралы деп қарастырса, Атаманов оған жеткізетін технологиялық шарттарды – экологиялық қауіпсіздікті, шикізатты толық пайдалануды және кейінгі өндіріс сатыларын дамытуды алға тартады.

Қазақстанның бастапқы артықшылығы – өз шикізаты бар. Оны өнеркәсіп пен технологиядағы артықшылыққа айналдыру үшін заманауи өңдеу кәсіпорындарымен бірге дайын өнім өндірісін және өз инженерлік мектебін дамыту қажет. Сонда мыс өндірісінің өсуі есептегі қосымша тоннамен ғана емес, жаңа кәсіпорындармен, технологиялармен және жұмыс орындарымен өлшенеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий