Мыс зауыттарын кім қаржыландыруы керек? Құсайынов жеке бизнесті атады
Қазақстанда талқыланып жатқан екі жаңа мыс балқыту зауытын жеке бизнес қаржыландыруы керек, ал мемлекет өңдеуге жұмсалған шығынды өтейтін тариф қалыптастыруға тиіс. Экономист Айдархан Құсайынов жазбасында осындай пікір білдірді. Әр зауыттың жылдық қуаты 300 мың тонна, екеуінікі бірге 600 мың тонна катодты мыс болмақ, деп хабарлайды Politico.kz.
Экономистің жазуынша, оқырманы Қытайда жедел мәмілелер нарығында, яғни спотта, мысты өңдеу ақысы кейде тоннасына нөл долларға дейін түсетінін айтқан. Алайда Құсайынов мұндай бағаны Қазақстанға өлшем етуге болмайды деп есептейді.
«Концентратты өңдегенде негізгі металдан бөлек басқа да пайдалы компоненттер шығады. Сондықтан негізгі металды “тегін өңдеп”, қалғанын өзіне алып қалуы мүмкін. Бұл тегін қызмет емес, “маған металл, қалғаны саған” деген есеп», деп түсіндірді ол.
Бұған қоса, құрамындағы бір тонна мысты концентрат күйінде тасымалдау дайын металл ретінде жеткізуден қымбатқа түсетінін айтып, тарифте осы айырманы ескеруді ұсынды. Ал шетелдегі зауыттардың артық қуаты есебінен бағаны түсіруі Қазақстанның ұзақ мерзімді жоспарына кедергі болмауға тиіс дейді экономист.
Құсайынов металлургия мен мұнай өңдеудің жағдайы бөлек екенін де атап өтті. Оның пікірінше, мұнай және газ өңдеу зауыттары бағасы реттелетін ішкі нарыққа жұмыс істеп, мұнай өндірушілерге қосымша салмақ түсіреді. Сондықтан бұл салада алдымен ішкі нарықты өзгерту қажет. Ал мыс концентраты да, дайын металл да әлемдік бағамен экспортталады.
«Қаржыландыруды жеке бизнес мойнына алуы керек. Өндірушілер өңдеуге кірісуі мүмкін, металл тұтынушылар шикізат өңдеуге инвестиция салуы мүмкін немесе металлургтер келеді. Маңыздысы, өңдеуге лайықты тариф беру», деп жазды Құсайынов.
Ол энергетикадағы тарифтерді ұзақ уақыт төмен ұстап, кейін оның зардабын қымбатқа өтегенімізді айтып, металлургияда осы тәжірибеден сабақ алуға шақырды.
Соңғы жаңалықтар