«Намыс ұлтпен өлшенбейді»: Мұхтар Жәкішев күйеу баласының ұлтына шүйліккендерге жауап берді
Жақында қызын ұзатқан қазақстандық кәсіпкер Мұхтар Жәкішев желіде жазба жүрекжарды жариялап, қызы менкүйеу баласының таныстығы, құдалары туралы айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.
5 маусым күні қызы Алтынайдың ұзату тойы дүркіреп өтті. Жәкішев қызының өмірлік серігін тауып, тұрмысқа шыққанынақуанышты екенін айта келе көпшілікке күйеу баласын да таныстырды. Алтынайдың таңдауы Карл есімді шетел азаматына түскен. Жастардың таныс болғанына алты жылдан асқан. Осыдан екі жыл бұрын Карл Алматыға арнайы келіп, Мұхтар Жәкішевтің алдынан өтіп, батасын алған екен.
«Бұл таңдау кездейсоқ немесе асығыс жасалған жоқ. Оның негізінде шынайы, пәк махаббат жатыр. Карл екеуі алты жылдан бері таныс. Осыдан екі жыл бұрын Карл Алматыға арнайы келіп, алдымнан өтті. Мен өз батамды бердім. Карл маған ұнайды. Оның азаматтық ұстанымы дұрыс, алдына қойған мақсаттары айқын әрі ауқымды. Оның еңбекқорлығына, біліміне және алған бетінен қайтпайтын қайсарлығына қарап, көздеген шыңдарын бағындыратынына кәміл сенемін. Бірақ мен үшін ең маңыздысы – қызымды шын жүректен, терең әрі нәзік сезіммен сүйетіні», - деп жазды кәсіпкер.
Бизнесмен үшін бұл тойдың мәні тым бөлек. Осы ретте ол үлкен қызы тұрмысқа шыққанда түрмеде отырғанын айтып, оның тойына қатыса алмағанына өкінішін жеткізді.
«Үлкен қызым тұрмысқа шыққанда мен түрмеде отырдым. Ол кезде әке ретінде қолымнан бар келгені Айгеріміме арнаған ақ тілегімді қағазға түсіріп, хатпен беріп жіберу ғана болды. Сол хат тойында оқылды. Ал бүгін бәрі басқаша. Қызыңның қуанышында қағаздағы құрғақ сөзбен шектелмей, сөзі қағаздан ғана оқылатын адам болмаудың өзі бір ғанибет. Қызыңды өзің ұзатып, осынау өмірлік маңызы бар ақ босағадан аттар сәтінде Алтынайыңа жүрекжарды жылы сөздеріңді өзің айта алуың неткен бақыт!», - дейді бизнесмен.
Оның айтуынша, Жәкішев тұтқындалғанда Алтынай небәрі 9 жаста болған. Бостандыққа шыққана ол жиырмаға толды. Бизнесмен қызының жетістіктерін де тізіп шықты.
«Мені тұтқындағанда Алтынай не бары 9 жаста ғана еді. Бостандыққа шыққанымда ол жиырмаға толыпты. Ол менсіз есейді. Ол бала күнінде-ақ, мені жанұямыз арқылы көрсетілетін қысымнан құтқару үшін, туған үйін тастап жат жерге кетуге мәжбүр болды, бөтен елде өсті. Ата-анасының аялы алақаны мен мейіріміне бөленіп отырған баланың кенеттен үйінен жырақтап, жат тілде сөйлейтін бөтен адамдар оқитын мектеп-интернаттан бір-ақ шыққанын түсіну қиын. Бірақ ол сынбады, бәріне төтеп берді. Мектепті, артынша университетті бітірді. Кәсіби журналист, табысты модель ретінде тұлға болып қалыптасты. Әлемнің алпауыт компанияларының таңдауына айналып, жарнамаларынан көрінетін қызымның сүйікті дидарына қарап, жүрегім елжірейді, кеудемді мақтаныш кернейді. Қызымның жеткен жетістіктерін мақтан тұтамын. Менің қолдауым нағыз керек болған шақтарда жанында бола алмағаныма жаным ауырады», -деді Жәкішев.
Сонымен қатар, Жәкішев желіде күйеу баланың ұлтына қатысты сұрақтарға да жауап берді.
«Ал кейбір қисынсыз, орынсыз пікір жазып жатқандар тек аяныш пен жиіркеніш сезімін туғызады. Нағыз намыс күйеу баланың ұлтымен өлшенбейді. Намыс дегеніміз сол намыс үшін тым жоғары баға төлеуге тура келгенде, адамдық арың мен абыройыңды таза сақтап қала алуыңмен өлшенеді! Ұлттың жаманы болмайды. Жаман адамдар болады. Қалған дүниенің бәрі осы қарапайым қағиданың салдары ғана. Ар-ұжданын мансапқа айырбастап, маған қарсы істі қолдан құрастырған тергеушілердің, прокурорлар мен судьялардың ішінде бірде-бір шетелдік болған жоқ. Мені сондай «құдалардан» сақтаған Жаратқанға мың шүкір», - деді бизнесмен.
Жәкішев өз құдаларын да таныстырып өтті.
«Маған өз құдаларым ұнайды. Олардың әулеті Ұлыбританияда тұрып жатқанына жетпіс жылдан асса да, өз тамырларын ұмытпаған. Тойға олардың көбі өздерінің ұлттық киімдерін киіп келіп, өз тегіне деген құрметін ерекше көрсетті. Карлдың әкесі Генри маған өте қатты ұнады. Екеуміз қатарласпыз, онымен әлемдік экономикалық үрдістер туралы пікір алмасып, тамаша әсер алдым. Генридің мамандығы инвестициялық банкир, Карлдың бойындағы көптеген жақсы қасиеттердің әкесінен дарығанын анық байқадым. Карлдың отбасы мен туған-туыстарының қызыма деген ыстық ықыласына, құрметі мен махаббатына ризамын», - деді бизнесмен.
Сөз соңында ол өзі үші ең басытысы – қызының бақыты екенін айта келіп, балаларының таңдауын сыйлайтынын жеткізді.
«Мен өз балаларымның таңдауын әрдайым құрметтеймін және оларды әрқашан қолдаймын. Олар талай сынақтан өтті. Бірақ қиындыққа мойымай, адам деген атқа лайық азамат болып өсті, мен ұстанатын өмірлік қағидаларды сақтай білді. Өмірлерің ұзақ, адал әрі бақытты болсын! Армандаған асқақ мұраттарыңның бәрі орындалсын! Және мына дүниені естен шығармаңдар: қандай жағдай болса да, әкелерің әрқашан сендермен бірге. Сендерді жақсы көремін», - деп түйіндеді ол.
Соңғы жаңалықтар