Назарбаевтың жүрегіне ота жасалғаны рас па? Медициналық орталық жауап берді
University Medical Center бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жасалған жүрек операциясына қатысты тараған ақпаратты толық жоққа шығармады, деп хабарлайды Politico.kz.
Медициналық орталықтың баспасөз қызметі БАҚ-та жарияланған мәліметтердің «ескі әрі өзектілігін жоғалтқанын» айтып, қоғамды жалған немесе ескірген ақпарат таратпауға шақырды. Алайда операцияның болғаны жөніндегі ақпаратқа нақты теріске шығару берілмеді.
Соған байланысты операцияның нақты қашан жасалғаны әзірге белгісіз күйінде қалып отыр.
Бұған дейін экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевқа жүрекке операция жасалғанын растаған болатын. Ал танымал кардиохирург Юрий Пя процедураның сәтті өткенін мәлімдеді.
Дәрігердің айтуынша, операция былтыр жоспарланғанымен, экс-президенттің жұмыс кестесіне байланысты кейінге шегерілген.
«Процедура шамамен екі жарым сағатқа созылды және сәтті өтті. Қазір науқастың жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ», – деді Юрий Пя.
Мамандардың сөзінше, оңалту процесі жоспар бойынша өтсе, Нұрсұлтан Назарбаев жақын күндері медициналық орталықтан шығарылуы мүмкін.
Ал Айдос Үкібай экс-президенттің қазіргі жағдайы жақсы екенін және дәрігерлердің бақылауында екенін айтты.
Соңғы жаңалықтар