«Не жандарың ашымайды, не бастарың істемейді»: Маңғыстаудың су дауынан кейін әкім шенеуніктердің шаңын қақты
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдегі, әсіресе Ақтау қаласындағы ауыз су мәселесіне байланысты шұғыл жиын өткізіп, коммуналдық сала басшыларының жұмысын қатаң сынға алды, деп хабарлайды Politico.kz.
«Негізінде жазда мынандай проблема болмау керек еді, ал сендер мұнда отырып алып түрлі сылтау айтасыңдар. Осы сылтауларыңды барып халыққа айтып көріңдерші. Не істеп отырсыңдар, осы жерде Маңғыстаудың ауыз суына жауапты мамандардың бәрі отыр. Не сендердің жандарың ашымайды, не бастарың істемейді, екеуінің біреуі, басқа айтарым жоқ. Терең зерттеу өткізіп, барлық нормативті көтеру керек. Кім не істемеді, соған қарай тиісті шешім қабылдаймыз. Күндіз-түні ұйықтамайсыңдар ма, қонасыңдар ма, бір-екі күн ішінде бұл проблемалардың бәрі шешілетін болсын, не істесеңдер де соны істеңдер», – деді облыс әкімі жиында.
Кеңейтілген отырыс барысында Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы және Түпқараған аудандарын сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланып, тұщыландыру зауыттарының қуатын арттыру және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жобалары қаралды. Жауапты тұлғалардың мәліметінше, қазіргі таңда нысандар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр және Ақтау қаласының тәуліктік ауыз су қажеттілігі 61 020 текше метрді құрайды. Бұл ретте «МАЭК» кәсіпорны тәулігіне 40 700, «Каспий» зауыты 35 000, ал «Ақтау» тұщыландыру зауыты 5 000 текше метр су өндіріп отырса, Мұнайлы ауданына күніне 15 319 текше метр тіршілік нәрі жеткізіледі.
Алайда мамандар Ақтаудың бірқатар шағынауданында, әсіресе көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттарында суды көп тұтынатын уақытта қысымның төмендеуі байқалатынын алға тартып, мұны сорғы жабдықтарының жұмыс ерекшелігі мен гидравликалық режиммен түсіндірді. Қазіргі уақытта желідегі қысымды тұрақтандыру бағытында қажетті техникалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Ақтаудағы ауыз су дағдарысы жаңа фильмнің түсіріліміне келген голливуд актері Джеки Чанның сапарынан кейін күтпеген жерден үлкен резонанс тудырды. Көпжылдық түйткілдің шешімін таба алмаған тұрғындар жаппай актердің әлеуметтік желідегі парақшасына кіріп, жиырма бірінші ғасырда Қазақстанның ірі облыс орталығы тұрақты сусыз отырғанын жазып, одан көмек сұраған болатын.
Соңғы жаңалықтар