Немере інісі: Момышұлының генерал болуына қазақтардың өзі қарсы болған

06.08.2026 21:17 Томирис САҒЫНДЫҚ
Немере інісі: Момышұлының генерал болуына қазақтардың өзі қарсы болған
76
Фото: esquire.kz сайтынан алынып, ЖИ көмегімен өңделді

Көрнекті қаламгер, ардагер тележурналист Бекет Момынқұл қазақтың әйгілі әскери қолбасшысы, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде даңқы шыққан стратег және тактик, жазушы, кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлы туралы құпияны ашты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол журналист Айнұр Асанбердіге берген сұқбатында айтты.

«Профессор Мекемтас Мырзахметұлы Бауыржанның біраз дүниесін ашып, зерттеген. Сол кісінің айтып кеткен бір сөзі бар еді: «Жазылмаған заң болған. Офицерлік құрамды Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстаннан шыққан офицерлерді, сондай-ақ кеңес одағының Батыры немесе Ленин ордені сияқты ең жоғары марапат алғандарды міндетті түрде өзінің республикасына келісім беруге жібереді екен. Өзбек болса — өзбекке, қазақ болса — қазаққа жіберетін». Ал соны бізге жібергенде, олар: «Өздері қолдай ма, қолдамай ма?» деген оймен әдейі жіберген. Біздікілер қолдамады. Біздікілердің қолдамағанын анық білеміз», — деді Бекет Момынқұл.

Ары қарай ол Сталиннің 15 республикаға қатысты қандай ойы болғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол Бауыржан Момышұлына батыр атағын беруге қазақтың өзі қарсы болғанын жеткізді. Айтуынша, бұған дәлел бар.

«Қараңызшы, 1943 жылдың соңында Сталин мынадай үлкен шешім қабылдайды. Оны тарихшылар білуі керек, бірақ неге екенін түсінбеймін, еш жерде жазылмаған. Сталин одақтағы 15 республиканың бәрін таратып, «Дербес республикалар» деп жариялау туралы шешім шығарады. Бұның астарында не бар? Соғыстың аяқталатынын, немісті жеңетінін көріп отыр. Соғыс аяқталғаннан кейін не болады? Сталинді біреулер жамандап жатады ғой, бірақ ол өте ақылды адам болған. Оның Біріккен Ұлттар Ұйымын құру туралы ойы бар еді. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымына кеңес одағы кірсе, тек бір-ақ дауыс болады. Ал 15 республика кірсе — 15 дауыс бере алады. Бірақ сол кездегі заңдылық бойынша, дербес республика болу үшін міндетті түрде екі халық наркоматы, қазіргі тілмен айтқанда — министрлік болуы керек еді: біреуі — Сыртқы істер, екіншісі — Қорғаныс министрлігі. Сонда Мәскеуде отырған Қызыл Әскердің бас штабы Алматыға хат жазады. Бұл — 1944 жылдың басы. Олар: «Сендер қазір жаңа наркомат құрайын деп жатырсыздар. Майданда жүрген Бауыржан Момышұлы сияқты полковнигіміз бар, соған қазір генерал шенін беріп, сол наркоматқа бірінші нарком қылып бекітуді ұсынып отырмыз. Бұған қалай қарайсыздар?» дейді. Біздікілер «жоқ» деп жауап берген. Дәл осы «жоқ» деген хатты, жауапты Бауыржан ағамыз Подольск қаласындағығ бұрынғы Кеңес Одағының, қазіргі Ресейдің үлкен әскери архиві орналасқан жердегі архивтен өзі алып келген. Біздің қазақтың билігі оған қарсы болды. «Батыр болсын» дегенге де, «Генерал әрі нарком болсын» дегенге де қарсы болған. Осы екі құжатты мен қазір іздеп жүрмін», — деді ғалым.

Бекет Момынқұл алда Подольскіге баруды жоспарлап жүргенін айтты. Басты мақсаты — Бауыржан Момышұлының еңбектерін табу.

«Енді Құдай денсаулық берсе, сол Подольскіге баруым керек. Неге десеңіз, Подольскідегі тағы бір құпияның бетін ашайын... Бұл бұрын құпия емес, белгілі нәрсе еді, бірақ көп адам біле бермейді. Бағана айтқанымдай, 1950 жылы Бауыржан Калинин қаласына жұмысқа келді. Сонда ол Әскери академияда аға оқытушы болып тағайындалып, 5 жыл жұмыс істеді. Сол 5 жылдың ішінде соғыс туралы 15 ғылыми еңбек жазған. Оның алтауы — тактика, тоғызы — стратегия туралы. Сонымен, ол лекциялар қайда? Олар жоғалып кеткен жоқ, Подольскіде жатыр. Ондай қағаздар жоғалмайды. Бауыржан ол ғылыми еңбектерін өзінің бір есебінде көрсетіп, архивке өткізген. Бауыржанның 100 жылдығын дайындаған кезде Мәскеумен сөйлесіп: «Барып көрейік, не бар, не жоқ?» деп отырған едік, жолатпай қойды. «Қатаң құпия» деп белгіленген құжаттар бар екен. Өкінішке қарай, сол кезде жазып алмаппын», — деді ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий