Непалдағы жойқын селден кейін іздестіріліп жатқан қазақстандықтар саны артты

28.08.2026 09:38 Әсел МҰРАТ
Непалдағы жойқын селден кейін іздестіріліп жатқан қазақстандықтар саны артты
188
Фото: ашық дереккөз

Непалдағы жойқын селден кейін тағы бір қазақстандық іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы тілшімізге еліміздің сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.

«Табиғи апат орын алған Непал мен Қытай шекарасы аймағында болуы мүмкін Қазақстанның екі азаматшасын іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұған дейін хабарланғандай, олардың бірі туристік топ құрамында екі ел арасындағы шекарадан өткен», - делінген министрлік хабарламасында.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі жергілікті мемлекеттік органдармен арадағы жұмысты жалғастыруда, отандастарымыздың туыстарымен тұрақты байланыс орнатылған.

Непалдағы сұмдық тасқын

Непал полициясы мен Табиғи апаттар қаупін азайту жөніндегі ұлттық басқарма қайғылы оқиғаның себебін атады. Ресми мәлімет бойынша, Қытаймен шекарада тау мұздығы опырылып, арты көшкінге ұласқан. Ол жергілікті өзендердің арнасын бөгеп тастаған. Осының салдарынан су, балшық және тастар шекара бекетін толығымен шайып кетті. Сонымен қатар тұрғын үйлер, жолдар, көпірлер мен бірнеше су электр станциясы қирады.

Непал билігі 270 адамның қаза тапқанын растады. Ал бүкіл ел бойынша және көршілес Тибетте хабар-ошарсыз кеткендер саны 1300 адамнан асты. Олардың қатарында қасиетті биік тау көлдеріне бет алған жүздеген шетелдік турист пен тағзым етуші бар. Қазіргі кезде ауқымды іздестіру-құтқару операциясына 5 мыңнан астам әскери қызметкер мен авиация жұмылдырылды. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін мобильді госпитальдар құрылып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий