Нұрайды пышақтаған жігіттің әрекетін көзбен көрген куәгер сотта сұмдық жайтты айтты
Шымкентте танысының қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті сот отырысында оқиға болған күні сол жерде болған куәгер Индира Беркінбаева жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Куәгердің айтуынша, 11 қаңтар күні кешкі сағат 18:10 шамасында ол жұмыстан үйіне қайтып келе жатқан. Төлеметова көшесі 69/32 мекенжайындағы үйдің маңына жақындағанда, екі үйдің арасынан қыздың айғайлаған дауысын естіген.
Оқиға орнына жақындай бергенде, куәгер алдынан бір жігіттің жүгіріп қашып бара жатқанын көрген. Ол жігітке тоқтап, полиция шақыратынын айтқан.
«Мен оған: «Не істеп жатырсың? Қазір полиция шақырамын!» деп айқайладым. Сол кезде ол қайта бұрылып келіп, жерде жатқан қызға тағы екі-үш рет пышақ сұқты. Мен есеңгіреп қалдым да, үйіме қарай жүгіріп кеттім», – деді Индира Беркінбаева сотта.
Оның сөзінше, Нұрай Серікбай жігіт қайта келген кезде үй маңында шалқасынан қозғалыссыз жатқан. Ол қыздың ешқандай дыбыс шығармағанын және көмек сұрамағанын айтты.
Куәгер оқиға орнында қарудың болғанын анық байқағанын жеткізді. Адвокаттардың қараңғы уақытта пышақты қалай көргені туралы сұрағына ол пышақтың үлкен болғанын және оның сұлбасы анық көрінгенін айтты.
Сондай-ақ куәгер оқиғадан кейін қызы екеуі жедел жәрдем келген кезде қайтадан оқиға орнына барғанын және полиция қызметкерлеріне өзіне белгілі барлық ақпаратты айтқанын жеткізді. Оның болжамынша, полицияға жолдан өтіп бара жатқан бірнеше жігіт хабарласқан болуы мүмкін. Кейін оларды полиция бөлімшесінен көргенін айтты.
Куәгер сотталушыны бұған дейін танымайтынын, оқиға кезінде қараңғы болғандықтан оның жүзін анық көріп, есте сақтай алмағанын мәлімдеді. Оның сипаттауынша, күдіктінің бойы мен шашы ұзын болған және ол жас жігітке ұқсаған.
Сотта Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша куәлардан жауап алу жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар