Нұрайдың өлімі: сот процесі тікелей эфирде өте ме?

13.07.2026 13:27 Әсел МҰРАТ
Нұрайдың өлімі: сот процесі тікелей эфирде өте ме?
277
Фото: әлеуметтік желіден

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесін онлайн форматта тікелей эфирде өткізу туралы өтініш берілмек, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді.

Адвокаттың айтуынша, прокурор күдіктіге қатысты айыптау актісін бекітіп, қылмыстық істі Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотына жолдаған.

«Осылайша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, ендігі кезеңде іс сотта мәні бойынша қаралатын болады. Істің жан-жақты, толық әрі объективті қаралуы үшін заңда көзделген барлық шаралар қабылданатын болады. Оған қоса, осы істің тікелей эфирде өткізілуін талап ететін боламыз», – деп жазды Аянхан Омаров әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол жәбірленуші тарап сот процесі барысында да марқұм Нұрайдың отбасының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды жалғастыратынын атап өтті. Сондай-ақ адвокат заң талаптары аясында қоғамды істің қаралу барысы туралы тұрақты түрде хабардар етіп отыруға уәде берді.

Еске салайық, 21 жастағы Нұрай Серікбай 11 қаңтар күні кешкі уақытта Шымкент қаласында қаза тапқан. Тергеу дерегіне сәйкес, күдікті бойжеткенді дүкеннің жанында аңдып күтіп, күштеп ұстап тұрған, оған бірнеше жерден пышақ жарақатын салып, кейін оқиға орнынан ізін суытқан.

Қазіргі таңда 28 жастағы күдіктіге ерекше қатыгездікпен жасалған адам өлтіру, сталкинг және некеге тұруға мәжбүрлеу баптары бойынша айып тағылып отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий