Нұрлан Албан жақындарынан кешірім сұрады
Белгілі әнші Нұрлан Албан 2025 жылды таза көңілмен, өкпе-ренішсіз аяқтағысы келетінін айтып, жақындары мен таныстарынан кешірім сұрады. Өнер иесі бұл ойымен әлеуметтік желіде бөлісіп, өзін қателіктен ада емес, ет пен сүйектен жаралған пенде ретінде қабылдайтынын жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz
Әншінің айтуынша, өмірде байқамай біреудің көңіліне тиген, қия басқан сәттер болуы мүмкін. Сол үшін ол барша жұрттан кешірім сұрауды жөн көрген.
«Төленбеген қарызым, өтелмеген парызым бар шығар. Егер біреудің алдында ағаттық жасап, көңіліне кірбің түсірсем, кешірім сұраймын. Жаңа жылға жеңіл жүрекпен қадам басқым келеді», – деген ниетін білдірді Нұрлан Албан.
Бұл бастама желі қолданушылары тарапынан жылы қабылданды. Көпшілік әншінің парасатты қадамын үлгіге балап, ақжарма тілектерін жаудырды.
«Нұрлан – қазақтың білімді, мәдениетті азаматы», «Қандай жақсы үлгі көрсетті», «Сізден қазақылық аңқып тұрады», «Аман жүріңіз, бар болыңыз» деп жазды оқырмандар.
Кей желі қолданушылары қиын сәттерде үнсіз қалмай, елдік мәселелерде өз ойын ашық айтып жүргені үшін де өнер иесіне алғыс білдірді. Жыл соңында жасалған бұл қадам Нұрлан Албанның адамгершілік болмысын тағы бір мәрте айқындап, көпшіліктің құрметін арттыра түсті.
Соңғы жаңалықтар