Өмірқұл Айниязов: Кемпір-шалдың баласы болған соң, бұзық болып өстім

13.08.2026 15:07 Томирис САҒЫНДЫҚ
Өмірқұл Айниязов: Кемпір-шалдың баласы болған соң, бұзық болып өстім
66
Фото: instagram.com/omirkul_ainiyazov

Қазақстанда тұңғыш баланы ата-әже тәрбиесіне беру дәстүрі мен оның бала психологиясына тигізер әсері қоғамда жиі талқыланатын мәселелердің бірі. Осы орайда әнші Өмірқұл Айниязов өз өмірлік тәжірибесін бөлісіп, үлкендердің қолында өсудің артықшылықтары мен кейбір психологиялық ерекшеліктеріне тоқталды. Өнер иесінің айтуынша, баланы ата-әжеге беру үрдісін қолдағанымен, оның берілу тәртібі мен шарттарына ерекше мән берген жөн, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Кездесу» подкастында айтты.

Өнер иесі бұл дәстүрді толықтай теріске шығармайтынын, бірақ баланы биологиялық ата-анасынан мүлде ажыратып жібермеу керектігін атап өтті.

«Бұл тақырып бойынша бұған дейін де көп айтқан болатынмын. Мен баланы ата-әжесінің тәрбиесіне беруге әлі де қарсы емеспін, бұл – дұрыс үрдіс. Бірақ оның да өзіндік ерекшеліктері бар. Бұрын бізді туған әке-шешемізді айтқызбай, «Өтеген мен Айнаштың баласысың» десе жылайтындай, өздеріне әбден бауыр бастырып, тек сол кісілердің перзентіндей етіп өсірген еді. Алайда бала есейе келе бәрін түсінеді, содан соң оған өз әке-шешесімен жақындасу біраз қиынға соғады. Өзім де тұңғышымды ата-әжесіне бергенмін. Бірақ өзім кезінде сондай психологиялық қиындықты бастан өткергендіктен, бірінші талап ретінде балама: «Мен келгенде мойныма жабысып тұратын болсын. Папам мен мамам Талдықорғанда, мен ата-әжеммен тұрамын, уақыты келгенде сонда барамын» деген түсінік болуы тиіс деп шарт қойдым. Өйткені біздің балалық шағымыздағы жағдай сәл өзгешелеу болды, содан қиналғандықтан да осындай шешімге келдім», – деді Өмірқұл Айниязов.

Сонымен бірге әнші аға буынның тәрбиесі баланың ерте есеюіне, дербес әрі өрелі азамат болып қалыптасуына оң ықпал ететінін алға тартады.

«Әрине, ата-әженің бауырында өскен бала ақылды болып қалыптасады. Не десе де, үлкен адамның аты – үлкен адам. Олардың парасатты әңгімесі, дүниетанымы мен ой-өрісі балаға сөзсіз ықпал етеді. Сондықтан мұндай бала ерте есейеді, дербес шешім қабылдауға бейімделеді, бойында дербестік пайда болады. Бала туған әке-шешесін біле тұра, ата-әжесінің өнегелі әңгімесін тыңдап өссе, өзін ерекше ұстайтын азамат болып шығатыны анық. Олар сұңғыла, көп нәрсені біліп өседі. Кейде еркелігі де мол болуы мүмкін, себебі ата-әже қолындағы барын осы балаға арнайды. Сол себепті бұл дәстүрге ешқандай өкінішім де, қарсылығым да жоқ. Тек айтарым: балаға өз әке-шешесін танытып, айтып өсірсе болғаны. Мәселен, мен әлі күнге дейін туған әке-шешемді «аға», «жеңеше» деймін», – деді әнші.

Өмірқұл Айниязов өзінің балалық шағындағы тентектігіне қарамастан, үлкендердің берген тәрбиесі оқуда үздік болуына және білім қууына үлкен септігін тигізгенін тілге тиек етті.

«Ата-әженің баласы болғандықтан, кішкене бұзықтығымыз да болды. Ауылда жүргенде класс атаманы едік, кейін әке-шешеміздің қолына келгенде де сондай мінезімізден жазған жоқпыз. Дей тұрғанмен, қариялардың қолында өскен баланың зерек болатынының тағы бір дәлелі – мен өте жақсы оқыдым. Бастауыш сыныптарды да, кейін 8-9 сыныпқа дейін де тек «беске» оқып шықтым. Сол кезеңдегі үздік әрі үлгілі оқушылар жіберілетін әйгілі «Артек» бүкілодақтық лагеріне 6-сыныпта барған едім. Өкінішке қарай, «Артекте» жүрген кезімде аяулы әжем қайтыс болды. Бұл мен үшін өте ауыр соққы болды. Бала болсам да, әжемнің орнына қарап жылап, бір айға жуық қайғырған қиын кезеңді бастан өткердім. Алайда сабағымды да, білім алу жолымды да жүйелі түрде жалғастырдым. Мектеп пен музыка мектебін қатар бітірген соң, колледжге, кейін консерваторияға түстім. Одан әрі магистратураны аяқтап, бүгінде докторантураға құжат тапсырып жатырмын. Жас 50-ге таяса да, әлі де білімімізді шыңдап, ізденіс үстінде жүрміз», – деді Өмірқұл Айниязов.

Войдите, чтобы оставить комментарий