«Оның ашушаң екенін қайдан білейін?»: Танысын өлтіріп, мәйітін қоқысқа тастаған ақтөбелік сотта сөйледі

09.07.2026 19:06 Қарақат АСЫЛОВА
«Оның ашушаң екенін қайдан білейін?»: Танысын өлтіріп, мәйітін қоқысқа тастаған ақтөбелік сотта сөйледі
234
Танысын пышақтап өлтіріп, мәйітін шанамен қоқысқа апарған

Ақтөбеде танысын өлтіріп, оның мәйітін бірнеше күн бойы үйінде сақтап, кейін қоқыс алаңына апарып тастаған 62 жастағы тұрғынға қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды Politico.kz сайты “HALYQSTAN” Telegram арнасына сілтемемен.

Тергеу мәліметінше, қайғылы оқиға 21 ақпан күні болған. Сол күні айыпталушы өз үйінде танысымен бірге спирттік ішімдік ішкен. Біраз уақыттан кейін олардың арасында жанжал туындаған. Айыптау тарапының нұсқасына сәйкес, үй иесі демалуға жатқан кезде қонақ оған екі рет соққы жасаған. Осыдан кейін ер адам қолына пышақ алып, танысына бірнеше мәрте соққы берген. Алған жарақаттарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған.

Тергеу материалдарына сәйкес, айыпталушы мәйітті бірнеше күн бойы үйінде ұстап, кейін оны үлкен сөмкеге салып, шанамен қоқыс контейнерлері орналасқан алаңға апарып тастаған. Марқұмның денесі сол жерде тағы бірнеше күн жатқан.

Сот отырысында айыпталушы кейін өз еркімен полицияға баруға шешім қабылдағанын айтты.

«Ұйықтай алмадым. Полиция бөліміне өзім бардым. Жолда полиция қызметкерлерін кездестіріп, оларға бөлімге бара жатқанымды айттым», – деді ол.

Сонымен қатар ол өзіне тағылған қасақана кісі өлтіру айыбымен келіспейтінін мәлімдеді. Оның сөзінше, араларында алдын ала араздық болмаған.

«Жаман ойым болған жоқ. Оның ашушаң екенін қайдан білейін? Маған таксиге ақша бермегенім үшін ашуланып, балағаттады», – деді айыпталушы.

Сондай-ақ ол істі алқабилердің қатысуымен қараудан бас тартты. Сот талқылауы жалғасып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий