Оралда мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен шетелдік сотталды

12.10.2026 • 22:05 Қанат АЙБАР
Оралда мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен шетелдік сотталды
75

Оралда Ресей Федерациясындағы әскери қызмет орнын өз бетінше тастап кетіп, Қазақстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен шетел азаматына қатысты қылмыстық іс аяқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот шетел азаматы М.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабы 1-бөлігі (Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын әдейі заңсыз кесiп өту) бойынша айыпты деп таныды.

Сот үкімімен оған 865 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу және ел аумағына енуге 5 жыл мерзімге тыйым салу жазасы тағайындалды. Сонымен бірге сот Рақымшылық туралы заңға сүйене отырып, азамат М.-ны негізгі жаза — айыппұл төлеуден босатты.
 

Сот анықтағандай, шетел азаматы М. РФ Қарулы күштерінде әскери қызмет өткерген. 2025 жылдың шілде айынан бастап ол қызмет орнын өз бетінше тастап кетіп, Ресейдің құзыретті органдарынан бой тасалап жүрген.

2026 жылдың мамыр айында ол РФ аумағынан шығып кету мақсатында карта сервистері арқылы Қазақстан бағытындағы шекараны заңсыз кесіп өту бағытын әзірлеген. Кейін шекаралық бөгеттер мен белгілерге қарамастан, өткізу пунктінен тыс жерде шекаралық және басқа да бақылау түрлерінен өтпей, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен.

Шекарадан өткеннен кейін азамат М. Орал қаласына жетіп, одан әрі Жамбыл облысының Тараз қаласына барып, өзге шетелге кетпек болған. Дегенмен, ол ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерімен ұсталды.

Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетінің мәжбүрлі болғанын ескеруді, бас бостандығынан айырмауды және елден шығармауды өтінді.

Сот актісі заңды күшіне енді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий