«Жаман жарнама болмайды»: Қазақстан елшісі «Борат» фильмі туралы айтты
Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Роман Василенко «Борат» фильмінің елге пайдасы тигенін айтты. Ол бұл туралы Бельгияның «Paris Match» басылымына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Елшінің айтуынша, 2006 жылы шыққан фильм Қазақстанға деген қызығушылықты арттырған. Ол тіпті фильмнен кейін елге келетін туристер саны уақытша көбейгенін айтты.
«Жаман жарнама болмайды дейді ғой. Бұл фильм адамдарды Қазақстанды танып-білуге итермеледі. Адамдар оның пародия екенін түсіне алатындай ақылды», деді Василенко.
Елші фильм шыққан кезде Қазақстанның тәуелсіздік алғанына небәрі 15 жыл болғанын еске салды.
«Ол кезде біздің еліміз мүлде басқа еді. Қазақстанның тарихы өте терең болғанымен, тәуелсіз мемлекет ретінде әлі жас. Бізді әлемде әлі де көп адам біле бермейді», деді ол.
Роман Василенко фильм шыққан уақытта Қазақстанның Вашингтондағы елшілігінде баспасөз хатшысы болған.


Оның айтуынша, басты рөлді сомдаған Саша Барон Коэн елшілікке арнайы келген.
«Ол кезде мен Вашингтондағы елшілігіміздің баспасөз хатшысы едім. Саша Барон Коэн мені өзбек алаяғы деп атаған. Ол біздің елшілікке келіп, бірнеше көрініс түсірді», деді дипломат.
Елшінің сөзінше, актер елшілік алдында дауыс зорайтқышпен сөйлеп, Қазақстандағы әйелдердің жағдайы туралы шындыққа жанаспайтын мәлімдемелер жасаған.
Бірақ Василенко фильмнің негізгі мақсаты Қазақстанды кемсіту болмағанын жеткізді.
«Бұл фильмнің пародия екенін түсіну керек. Ол АҚШ қоғамындағы таптаурын түсініктерді сынауға бағытталды. Барон Коэн адамдарды әдейі арандату үшін ойдан шығарылған Қазақстанды пайдаланды. Ол антисемитизм мен әйелдерді кемсітуді көрсеткісі келді. Бірақ шынайы Қазақстан мүлде ондай емес», деді елші.
Дипломат Саша Барон Коэннің Кембридж университетін бітіргенін де еске салды. Оның пікірінше, актер фильмнің қандай әсер туғызатынын алдын ала білген.
«Егер Барон Коэн шынымен кедей елді таңдағанда, мұншалықты күлкілі болмас еді. Меніңше, ол бәрін жақсылап ойластырған. Барон Коэн Кембриджді бітірген, сондықтан не істеп жатқанын жақсы білді», деді Василенко.
Елші фильмнің Қазақстандағы туризмге әсері туралы да айтты.
«Сол кезде туристер саны аздап өсті. Әрине, бұл ұзаққа созылған үлкен толқын болған жоқ. Бірақ біздің ұлттық туризм ұйымы фильмдегі «Kazakhstan is nice!» деген сөзді өз ұраны ретінде пайдаланды», деді ол.
2006 жылы режиссер Ларри Чарльз түсірген «Борат» фильмінде басты рөлді британ актері Саша Барон Коэн сомдаған. Фильмде ойдан шығарылған қазақстандық журналистің АҚШ-тағы оқиғалары баяндалады.
Қазанда Барон Коэннің «Ali G: Who Iz I?» атты жаңа комедиясының трейлері де жарық көрді.
Бельгия королінің Қазақстанға сапары
Роман Василенко «Paris Match» басылымына Бельгия королі Филипп пен патшайым Матильданың Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында сұхбат берген.
Сапар 12 мен 14 қазан аралығына жоспарланған. Елші мұны екі ел арасындағы қарым-қатынастағы тарихи оқиға деп атады.
«Бұл біздің тарихымызда алғаш рет болып отыр. Қазақстан биыл тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өтеді. Біз бұған дейін көптеген мемлекет басшысын, оның ішінде монархтарды да қабылдадық. Мысалы, Испания королі VI Фелипе 2017 жылы ЭКСПО көрмесіне келген. Бірақ ол мемлекеттік сапар болған жоқ», деді Василенко.
Оның айтуынша, Бельгия королі мен патшайымының сапары Қазақстан үшін ерекше маңызды.
«Король Филипп пен патшайым Матильданың мемлекеттік сапары екі ел үшін де тарихи оқиға болады. Олар Қазақстанға Республика күнінен екі апта бұрын келеді. Біз бұл мерекені 25 қазанда атап өтеміз», деді елші.
Василенко Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгия королін елге бірнеше жыл бұрын шақырғанын айтты.
«Біздің басшыларымыз бес жыл бұрын кездесті. Президентіміз 2021 жылғы қарашада Брюссельге барып, корольді мемлекеттік сапармен келуге шақырған. Ал қазір Қазақстанға келу туралы шешімді корольдің өзі қабылдады», деді дипломат.
Бельгия делегациясы 110 адамнан тұрады. Оның құрамында төрт министр, 25 компания басшысы және академиялық орта өкілдері бар. Олардың арасында жеті университет ректоры да болады.
Делегацияға Бельгияның ұтқырлық, климат және экологиялық өтпелі кезең мәселелеріне жауапты федералдық министрі Жан-Люк Крюк кіреді. Ол бюджеттік келіссөздерге байланысты елінде қалған сыртқы істер министрі Максим Превоның орнына барады.
Сапарға Валлония, Брюссель және Фландрия үкіметтерінің өкілдері де қатысады.
Бағдарлама бойынша делегация Астанада үш түн болып, Алматыға бір күнге барады. Келіссөздерде сауда, инвестиция, көлік, энергетика, білім және жасанды интеллект мәселелері талқыланады.
Бельгия өкілдері Астанадағы «Alem.AI» халықаралық жасанды интеллект орталығына да барады.
Басылымның мәліметінше, Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы 500 миллион доллардан асқан. Соңғы 20 жылда Бельгияның Қазақстанға салған инвестициясы 13 миллиард доллардан асты.
Бельгияның сыртқы істер министрі Максим Прево Қазақстанның стратегиялық маңызына тоқталды.
«Қазақстанға мемлекеттік сапар жасаудың мәні зор. Бұл ел геосаяси тұрғыдан аса маңызды аймақта орналасқан. Орталық Азия елдері тұрақтылық пен қауіпсіздік үшін маңызды аймақта тұр. Мұнда біздің өнеркәсіпке қажетті аса маңызды шикізаттың мол қоры бар», деді министр.
Оның айтуынша, Бельгия Қытай мен АҚШ-қа тәуелділікті азайту үшін экономикалық серіктестерін көбейтуді көздейді.
«Бельгия Қазақстанда жұмыс істейтін компаниялар саны бойынша алтыншы экономикалық серіктес саналады. Біз үшін сенімді экономикалық серіктестер табу және сауда байланыстарын әртараптандыру маңызды», деді Прево.
Министр келесі жылы Өзбекстанда Бельгия елшілігі ашылатынын айтты. Ол 2027 жылы Орталық Азия елдері мен Моңғолияға сапар жасауды жоспарлап отыр.
Көлік дәлізі және Еуропамен байланыс
Сұхбатта Қазақстан арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік бағыты да сөз болды.
Бұл дәліз Қытай мен Азия елдерін Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы Еуропамен байланыстырады.
Басылымның мәліметінше, соңғы 6 жылда бұл бағыттағы жүк тасымалы бес есе өскен. Тасымал көлемі жылына 800 мың тоннадан 4,1 миллион тоннаға жеткен.
Алдағы мақсат жылдық тасымал көлемін 10 миллион тоннаға жеткізу.
Бельгия үшін бұл бағыт Азияға жүк жеткізудің балама жолы саналады. Қазақстан үшін Қытай мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарын нығайтуға мүмкіндік береді.
Басылым Еуропалық одақтың Орталық Азияға қызығушылығы артып отырғанын да жазды. 2025 жылғы Самарқанд саммитінде аймаққа «Global Gateway» бағдарламасы аясында 12 миллиард еуро инвестиция бөлу жоспары жарияланған.
Қазақстандағы саяси реформалар
Сұхбат барысында Роман Василенко Қазақстандағы конституциялық өзгерістер туралы да айтты.
Елшінің сөзінше, елде жаңа саяси кезең басталған.
«Президент бір жыл бұрын Конституцияны өзгертуді ұсынды. Конституциялық комиссия бірнеше ай жұмыс істеді. Наурызда жаңа Конституция қабылданды, ол 1 шілдеден бастап күшіне енді», деді Василенко.
Оның айтуынша, өзгерістер аясында бір палаталы Парламент құрылып, Сенат таратылған. Заң жобаларын ұсынатын жаңа орган ретінде Халық кеңесі құрылған.
«Өзгерістер ауқымды болды. Бірақ Қазақстан президенттік республика болып қала береді», деді елші.
Журналистің демократиялық өзгерістер туралы сұрағына Василенко Президент өкілеттігінің бір бөлігі басқа мемлекеттік органдарға берілгенін айтты.
«Бұрын бізде суперпрезиденттік республика болды. Президенттің өкілеттігі өте кең еді. Қазір оның кейбір өкілеттігі Парламент пен Үкіметке берілді. Сондықтан Президенттің билігі бұрынғыдан азайды. Бірақ президенттік басқару әлі де күшті», деді ол.
Адам құқықтары мен әйелдердің жағдайы
«Paris Match» журналистері Қазақстандағы адам құқықтарының сақталуы туралы да сұрады.
Елші Қазақстанның кеңестік кезеңнен қалған мәселелерді шешіп жатқанын айтты.
«Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстан бұрын Кеңес Одағының құрамында болған басқа елдер сияқты сол кезеңнен қалған мәселелерді мұраға алды. Бірақ тәуелсіздік алғанымызға 35 жылға жуықтады. Біз адам құқықтарын, білім алу құқығын, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаймыз», деді Василенко.
Елшінің айтуынша, Қазақстанның саяси тілінде азшылық ұғымының орнына этностық топтар деген атау қолданылады.
Әйелдердің мемлекеттік басқаруға қатысуы туралы сұраққа ол нақты сандар келтірді.
«Қазір Парламент депутаттарының 35 пайызы әйелдер. Бұл алдыңғы Парламентпен салыстырғанда екі есе көп. Парламент төрағаларының орынбасарлары арасында да екі әйел бар», деді дипломат.
Василенко Үкімет пен дипломатиялық қызметтегі әйелдер үлесінің әлі жеткіліксіз екенін мойындады.
«18 министрдің тек екеуі әйел. Шамамен 70 елшінің үш-төртеуі ғана әйел болуы мүмкін. Бұл жеткіліксіз екенін мойындаймыз және осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», деді ол.
Діни сенім бостандығы туралы сұраққа елші Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін атап өтті.
«Діни сенім бостандығына кепілдік берілген. Біз адам құқықтарын қорғайтын ұйымдармен диалог жүргізуге дайынбыз. Қазақстанда исламмен қатар православие, католицизм, иудаизм, буддизм және басқа діндер бар», деді Василенко.
Оның айтуынша, Қазақстан Парламентінде бес партия бар. Соңғы жылдары Конституцияға қатысты және атом электр стансасын салу мәселесі бойынша референдумдар өткен.
Ресей және Украинадағы соғыс
Сұхбаттың тағы бір бөлігі Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасына және Украинадағы соғысқа арналды.
Роман Василенко екі ел арасындағы шекараның ұзындығын еске салды.
«Қазақстан мен Ресейдің арасындағы құрлықтағы үздіксіз шекара әлемдегі ең ұзын шекара саналады. Оның ұзындығы 7591 шақырым. Сондықтан Украинадағы соғыс біз үшін Айдың бетінде болып жатқан соғыс емес. Ол бізге өте жақын», деді елші.
Оның айтуынша, Қазақстан Украина мен Ресей арасындағы соғыстың тоқтағанын қалайды.
«Біз үшін бұл екі елдің бір-бірімен соғысып жатқаны ауыр жағдай. Біздің ұстанымымыз БҰҰ Жарғысының қағидаттарына негізделген. Біз мемлекеттердің егемендігін, шекараларының тұтастығын құрметтеуді және мәселелерді дипломатиялық жолмен шешуді қолдаймыз», деді Василенко.
Елші Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мәселеге қатысты бірнеше рет ашық пікір білдіргенін атап өтті.
«Президент бұл туралы бірнеше рет айтты. Соның ішінде екі ай бұрын Ресейдің Омбы қаласында Владимир Путинмен кездескенде де сөз қозғады. Ол қарулы қақтығысты тоқтатуға, келіссөздерге оралуға және атысты тоқтатуға шақырды», деді дипломат.
Василенконың сөзінше, Қазақстан Президенті соғысты тек дипломатиялық жолмен аяқтауға болатынына сенімді.
«Біздің халқымыз соғысты қолдамайды. Оның мүмкіндігінше тез аяқталғанын қалайды. Бұл екі ел үшін де, біз үшін де қайғылы жағдай», деді ол.
Елші Ресеймен шекара Қазақстан үшін екі елді бөлетін емес, байланыстыратын шекара екенін айтты.
«Қазақстан сыртқы саясатта тәуелсіз бағыт ұстанады. Біздің қарсыластарымыз жоқ. Әлемде қарым-қатынасымыз шиеленіскен бірде-бір ел жоқ. Өйткені еліміздегі, аймақтағы және әлемдегі бейбітшілік біздің ұстанымымыздың негізі», деді Василенко.
Ол Қазақстанда 120-дан астам ұлт өкілі тұратынын еске салды. Елшінің айтуынша, түрлі халықтардың бірге өмір сүру тәжірибесі Қазақстанның сыртқы саясатына да әсер етеді.
Ресейдің Қазақстан экономикасындағы орны
Роман Василенко Ресей Қазақстанның маңызды экономикалық серіктесі болып қала беретінін айтты.
«Ресей Қазақстан үшін өте маңызды серіктес болып қала береді. Ол біздің импорттағы ең ірі серіктесіміз. Егер Еуропалық одақтың 27 елін біртұтас нарық ретінде қарасақ, ол біздің ең ірі сауда серіктесіміз. Ал жекелеген мемлекеттер арасында Ресей мен Қытай алда тұр», деді елші.
Оның айтуынша, Қазақстан мұнайының едәуір бөлігі Ресей аумағы арқылы экспортталады.
«Ресей біздің инвесторымыз да болып отыр. Біз негізгі экспорттық тауарымыз саналатын мұнайды сол ел арқылы тасымалдаймыз. Қазақстан мұхитқа тікелей шыға алмайтын әлемдегі ең үлкен мемлекет», деді дипломат.
Елші Қазақстанның Еуропамен бірге Транскаспий көлік дәлізін дамытуының себебін де түсіндірді.
«Біз Қытай және Ресей арқылы сауда жасауға мәжбүрміз. Сондықтан Еуропалық одақпен бірге Каспий теңізі, Оңтүстік Кавказ, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы өтетін Орта дәлізді дамытып жатырмыз», деді ол.
Василенко Бельгия королі Филипп пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесуінде халықаралық қауіпсіздік мәселелері де талқылануы мүмкін екенін айтты.
«Қазақгейт» ісі туралы не деді?
Сұхбатта Бельгияда кезінде үлкен дау туғызған «Қазақгейт» ісі де қозғалды.
Журналистер бұл іске қатысты даулар Қазақстанның беделіне әсер еткенін еске салып, елшіден қазіргі биліктің ұстанымын сұрады.
Василенко бұл мәселеге елдегі саяси өзгерістер тұрғысынан жауап берді.
«Қазір бізде жаңа Президент, жаңа Конституция және жаңа Қазақстан бар. Сондықтан бұл тарихта қалды. Президент әділетті Қазақстан құруды көздейді», деді дипломат.
Оның айтуынша, шетелге заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару жұмысы жүргізіліп жатыр.
«Олигархтар мен кәсіпкерлер шетелге заңсыз шығарған активтер Қазақстанға қайтарылуы керек. Бұл қаражат тек әлеуметтік жобаларға жұмсалады. Оның ішінде мектептер, ауруханалар, балабақшалар мен спорт орталықтары бар», деді Василенко.
Бельгия тарапы Қазақстанға сапарды қалай түсіндірді?
Басылым Бельгия өкілдерінен Қазақстандағы демократия мен адам құқықтарына қатысты сұрақтардың мемлекеттік сапарға әсері туралы да сұрады.
Сапарды ұйымдастыруға қатысқан Бельгия өкілдерінің бірі мемлекеттік сапарды елдегі барлық саяси шешімді қолдау деп қабылдауға болмайтынын айтты.
«Мемлекеттік сапарды қандай да бір билікті қолдау деп түсінбеу керек. Егер әр сапарымыз осындай қолдау деп саналса, король Қытайға да мемлекеттік сапар жасамас еді», деді ол.
Бельгия өкілінің айтуынша, Қазақстанмен экономикалық және стратегиялық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік бар.
«Егер дипломатияда тек көзқарасыңыз толық сәйкес келетін адамдармен ғана сөйлессеңіз, онда сөйлесетін адам өте аз қалады», деді ол.
Оның сөзінше, мемлекеттік сапар екі елге келіспейтін мәселелерді де ашық талқылауға мүмкіндік береді.
«Мұндай сапар ортақ мүдделерді анықтауға, пікір алмасуға және келіссөз жүргізуге жағдай жасайды. Бұл екі тараптың барлық мәселеде бірдей көзқараста екенін білдірмейді», деді Бельгия өкілі.
Соңғы жаңалықтар