Қазақстан Президенті мен Бельгия Королі БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді
Мемлекет басшысы мен Бельгиялықтар Королі ресми келіссөздер қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған бірлескен брифинг өткізді. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен маңызды уағдаластықтар жарияланды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бельгия Қазақстанның жетекші инвестициялық серіктестерінің қатарына кіреді. 2005 жылдан бері бұл елдің экономикамызға құйған инвестиция көлемі 15 миллиард доллардан асқан.
Тарихи сапарға бельгиялық жетекші компаниялардың өкілдері де қатысуда. Бұл жағдай Бельгияның Қазақстанның экономикалық әлеуетіне зор сенім артатынын көрсетеді. Үкімет тарапынан бельгиялық инвесторлардың еліміздегі қызмет аясын кеңейтуіне және жаңа перспективалы жобаларды іске асыруына қолайлы жағдай жасалады. Мемлекет басшысы бұл міндеттердің толық әрі уақтылы орындалуын өзі қадағалайтынын жеткізді.
Тараптар бірқатар салалардағы өзара іс-қимылды жандандырып, жаңа мүмкіндіктерді қолға алуға уағдаласты. Атап айтқанда:
- Көлік-логистика және аса маңызды минералдар;
- Энергетика және өнеркәсіп;
- Ауыл шаруашылығы мен биотехнологиялар;
- Цифрландыру және ғарыш технологиялары салалары.
Сондай-ақ брифингте елдердің университеттері, музейлері мен мәдени мекемелері арасында тікелей байланыс орнату, бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту және академиялық тәжірибе алмасу мәселелеріне баса назар аударылды.
Қызметтік паспорт иелерін виза талаптарынан босату жөніндегі келісімге өзгерістер енгізудің арқасында делегациялар мен мамандардың барыс-келісімін біршама жеңілдетуге қол жеткізілді. Бүгін қабылданған Бірлескен мәлімдеме тараптардың ортақ міндеттеріне толық сай келеді.
Қорытынды сөзінде Мемлекет басшысы Бельгияның «L’union fait la force» («Бірігу — күш») атты ұлттық ұраны қазақтың «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген тәмсілімен толық мағыналас екенін атап өтіп, екі ел арасындағы достық осындай ортақ құндылықтарға негізделгенін жеткізді.
Соңғы жаңалықтар