Оралдағы қайғылы жол апаты: апалы-сіңлілердің өліміне кінәлі жүргізушіге сот үкімі шықты

14.05.2026 13:49 Мөлдір Қайнар
Оралдағы қайғылы жол апаты: апалы-сіңлілердің өліміне кінәлі жүргізушіге сот үкімі шықты
275
Фото: ашық дереккөз

2025 жылдың 23 қыркүйегінде Орал қаласындағы Мәметова көшесінде болған адам өліміне әкелген жол апатына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды  Politico.kz.

 Қайғылы оқиға кезінде Chevrolet Cobalt пен Toyota Mark X көліктері соқтығысқан. Апат салдарынан Chevrolet көлігінде отырған 41 және 32 жастағы екі әйел көз жұмған. Кейін олардың апалы-сіңлі екені белгілі болды.

Іс бойынша 50 жастағы Рауан Ізбасаров сотталды. Ол бұған дейін полиция саласында қызмет етіп, зейнетке шыққан. Тергеу мәліметінше, апат болған күні ол Мәметова көшесімен келе жатып, Кердері көшесіне солға бұрылмақ болған. Сол сәтте қарсы бағытта келе жатқан Toyota Mark X көлігіне жол бермей, ауыр жол апатына себеп болған.

Қылмыстық істі қазылар алқасы қарап, Рауан Ізбасаровты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі — «Екі немесе одан да көп адамның абайсызда өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша кінәлі деп таныды. Сот оны бес жылға бас бостандығынан айырып, осы мерзімге жүргізуші куәлігінен де айырды. Жазасын ол қауіпсіздігі ең төменгі түзеу мекемесінде өтейді.

Сонымен қатар сотталушы марқұмдардың отбасына моральдық өтемақы ретінде 15 миллион теңге төлеуге міндеттелді.

Белгілі болғандай, Chevrolet Cobalt көлігінде сотталушының әпкелері — Маржангүл мен Ақгүлім Нұрғалиева болған. Маржангүл Нұрғалиева апат күні жансақтау бөлімінде көз жұмса, Ақгүлім Нұрғалиева жеті күннен кейін есін жимастан қайтыс болған.

Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, Маржангүлдің өліміне көптеген ішкі ағзалардың жарақаты, сүйек сынықтары мен миға қан кету себеп болған. Ал Ақгүлім ауыр бас-ми жарақатын алған. Марқұмның артында 15 жастағы ұлы мен екі жасар қызы қалды. Ал оның сіңлісі Маржангүлдің үйлену тойы 25 қыркүйекке жоспарланған екен.

Войдите, чтобы оставить комментарий