Оралдағы жантүршігерлік жол апаты төрт баланы тұл жетім қалдырды

02.08.2026 11:11 Қарақат АСЫЛОВА
Оралдағы жантүршігерлік жол апаты төрт баланы тұл жетім қалдырды
273
Фото: Мой город

Батыс Қазақстан облысында болған ауыр жол-көлік оқиғасы төрт баланы тұл жетім қалдырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Орал қаласының маңындағы айналма жолда орын алған апат салдарынан 47 жастағы Роман Бондарь оқиға орнында қаза тапты.

Алдын ала мәлімет бойынша, жол апаты 27 шілде күні Деркөл кенті маңында болған. Полицияның хабарлауынша, Lada Granta көлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Volkswagen Golf автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Артынша сол бағытта келе жатқан Mercedes-Benz Sprinter шағын автобусы Volkswagen көлігінің артқы бөлігіне соғылған.

Соққы салдарынан Volkswagen көлігін басқарған Роман Бондарь ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды.

Марқұм былтыр жұбайынан айырылып, төрт қызын жалғыз өзі тәрбиелеп келген. Туыстарының айтуынша, ол отбасын асырау үшін бірнеше жұмысты қатар атқарған. Апат болған күні де түскі үзілісте үйіне соғып, кейін қайта жұмысқа бара жатқан.

Жақындарының сөзінше, дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, алған жарақаттары тым ауыр болған. Сараптама нәтижесі Романның ішімдік ішпегенін көрсеткен.

Қазір отбасының 22 жастағы үлкен қызы үш қарындасын өз қамқорлығына алу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуге кіріскен. Ал тоғыз жастағы кенже қызға әкесінің қайтыс болғаны әлі айтылмаған.

Марқұмның туыстары жол апатына кінәлі деп танылып отырған жүргізушінің мас болғанын алға тартып, істің әділ тергелуін талап етуде.

Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Lada Granta жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті сараптамалар жүргізіліп жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий