Өскеменде Жақсылық Омардың соты басталмақ

19.03.2026 14:26 Арман Ермеков
Өскеменде Жақсылық Омардың соты басталмақ
215
Фото: gov.kz

19 наурыз күні сағат 15.00-де Өскемен қаласының қылмыстық сотында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот отырысы басталады, деп хабарлайды Politico.kz.

«Сот кабинетінің» мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда қамауда отырған ол ірі мөлшерде алаяқтық жасады және пара алды деп айыпталып отыр. Оған Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1, 2-тармақтары және 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша іс қозғалған. Алдын ала мәлімет бойынша Жақсылық Омар өз кінәсін толық мойындаған, сол себепті іс ашық әрі қысқартылған тәртіппен қаралады. Егер ол сот барысында өз сөзінен айнымаса, үкім 10 күннің ішінде шығуы мүмкін.

Осы жылдың ақпан айында әлеуметтік желілерде Жақсылық Омардың тұтқындалғаны туралы ақпарат тараған еді. Ол кезде Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бұл жаңалықты растамай, шенеуніктің денсаулығына байланысты уақытша демалысқа шыққанын алға тартқан. Дегенмен арада бір апта өтпей Ұлттық қауіпсіздік комитеті оның ұсталғаны туралы ресми мәлімет таратты.

Саяси қайраткер Бекболат Тілеуханның жиен күйеу баласы болып келетін Жақсылық Омар 1980 жылы 28 қыркүйекте Талдықорған облысы Алакөл ауданындағы Үшарал ауылында туған. Ол 2018-2024 жылдары Өскемен қаласын басқарып, кейін облыс әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған. Ал 2025 жылдың 7 сәуірінен бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалған болатын.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий