Овечкин Путиннің қолдауын алды

Ресей президенті Владимир Путин «Вашингтон Кэпиталз» хоккей клубының шабуылшысы Александр Овечкинді НХЛ тарихында ең көп гол соққан рекордын жаңартқанымен құттықтады, деп хабарлайды POLITICO.KZ The Washington Post басылымына сілтеме жасап.
Жексенбі күні Александр Овечкин «Нью-Йорк Айлендерс» командасына қарсы матчта өзінің 895-ші шайбасын соғып, канадалық хоккейші Уэйн Гретцкидің 26 жыл сақталған рекордын жаңартты.
Путин Кремльдің Telegram-каналында Овечкинді құттықтап:
«Сіз хоккейдің нағыз аңыздарынан асып түстіңіз. Бұл тек сіздің жеке жеңісіңіз емес, Ресей мен бүкіл әлемдегі жанкүйерлер үшін үлкен қуаныш», – деп атап өтті.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путиннің Овечкиннің жетістігін жоғары бағалайтынын мәлімдеді.
Овечкин өзінің саяси ұстанымын ешқашан жасырған емес және 2017 жылы Путинді қолдау мақсатында Putin Team қозғалысын құрған болатын. Осы жеңісінен кейін Овечкин ресейлік жанкүйерлеріне арнайы үндеу жасады:
«Менің әлемдегі және Ресейдегі барлық жанкүйерлеріме рахмет! Біз бұған бірге қол жеткіздік!» – деді ол ойыннан кейінгі сөзінде.
Овечкиннің рекорды Ресейде ұлттық мақтаныш ретінде қабылданды. Ресейдің спорт министрі Михаил Дегтярев:
«Овечкин шынайы чемпионның барлық кедергілерді жеңіп, кез келген жағдайда жанкүйерлердің махаббатына ие болатынын дәлелдеді», – деп пікір білдірді.
Ал кеңес дәуірінің атақты хоккейшісі, қазіргі парламент депутаты Вячеслав Фетисов:
«Овечкин ешқашан өзінің туынан, әнұранынан және президентінен бас тартпағанын» атап өтті.
Дегенмен, халықаралық спорт қоғамдастығы Украинадағы соғысқа байланысты Ресей спортшыларын жарыстарға бейтарап статуспен қатыстыруды жалғастыруда. Ресейлік саясаткерлер Овечкиннің рекордын осы жағдайдағы Ресейдің «жұмсақ күші» ретінде қарастыруда.
Соңғы жаңалықтар





