Өзбекстанда қарағандылық жас футболшылар жаппай уланды: Елшілік мәлімдеме жасады
Өзбекстанда өткен халықаралық футбол фестиваліне Қарағанды қаласынан барған балалар мен ересектер тамақтан жаппай уланып, ауруханаға түсті. Оқыс оқиғаға байланысты Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Politico.kz.
Елшіліктің мәліметінше, «Dostlik Cup» халықаралық футбол фестиваліне қатысушылардың уланғаны туралы ақпарат сенім телефоны арқылы түскен. Хабар алысымен консул Сәкен Пердебеков бірден емдеу мекемесіне жетіп, зардап шеккен отандастарымыздың жанында болып, барлық қажетті консулдық көмекті ұйымдастырған.
«Жалпы 19 адам медициналық көмекке жүгінді. Қазіргі уақытта Ташкент қаласындағы №5 қалалық клиникалық инфекциялық ауруханаға 17 адам жатқызылды, оның 11-і – бала, 6-ауы – ересек. Науқастардың барлығының жағдайы тұрақты, оларға қажетті медициналық ем көрсетілуде», – деп хабарлады ведомстводан.
Зардап шеккендерді емдеуге Ташкент медициналық университетінің профессорлары, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мамандары және басқа да бейінді дәрігерлер тартылған. Сонымен бірге жарысты ұйымдастырушылар да зардап шеккен балалар мен олардың жақындарына жан-жақты қолдау көрсетуде. Жағдай Қазақстанның дипломатиялық өкілдігінің тікелей бақылауына алынды.
Жарысқа қатысушылар қалай уланған?
2 қарашада Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы өңір атынан турнирге үш жас санаты бойынша жекеменшік футбол мектептерінің тәрбиеленушілері қатысқанын растады.
Басқарманың бастапқы мәліметінше, 16 бала, 1 бапкер және 11 ата-ана медициналық тексеруден өтіп, көмекке жүгінген. Топ мүшелері Ташкенттегі бір қонақүйге орналасып, сол жердің асханасынан тамақтанған. Қазіргі таңда оқиғаның нақты себептері тексеріліп жатыр.
Соңғы жаңалықтар