Соғысқа нүкте қойыла ма: Ресей мен Украина арасындағы келіссөз қашан өтетіні белгілі болды
10-11 қараша күндері Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиде Ресей мен Украина өкілдерінің кезекті кездесуі өтеді. АҚШ-тың делдалдығымен ұйымдастырылатын бұл келіссөздер туралы АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Уиткофф X желісіндегі жазбасында аталған кездесу жұмыс деңгейінде өтетінін әрі оның негізгі мақсаты қарулы қақтығысты тоқтатуға арналған дипломатиялық күш-жігерді жалғастыру екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл диалог Дональд Трамптың соғысты аяқтауға бағытталған бейбіт бастамаларының бір бөлігі болмақ.
Күн тәртібіндегі негізгі тақырыптар
Келіссөздерде қақтығысты саябырсыту амалдары, гуманитарлық көмек мәселелері, бейбіт келісімге апаратын нақты қадамдар мен болашақтағы қауіпсіздік кепілдіктері талқыланады. Сонымен қатар, америкалық тарап жақын күндері Брюссельге барып, Ұлыбритания, Франция, Германия басшылығымен, сондай-ақ Еуроодақ және НАТО өкілдерімен кеңеспек.
Бұл басқосуларда:
- Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беру;
- Соғыстан кейінгі еуропалық қауіпсіздік архитектурасы;
- Украинаның экономикасын қалпына келтіруге қолдау көрсету жолдары сөз болады.
Стив Уиткофф бұған дейін Киев, Осло және Санкт-Петербургте қол жеткізілген нәтижелер негізінде болашақ ұрпаққа тыныштық сыйлайтын ұзақ мерзімді бітімге келуден үмітті екенін білдірді.
Бейбіт келісімге келу ықтималдығы
Қос тараптың ұстанымы әлі күнге дейін тым қарама-қайшы. Ең басты даулы түйткілдер жер тұтастығына, Киевке берілетін қауіпсіздік шартына және ықтимал келісімдердің орындалуын қадағалау тетіктеріне тіреліп тұр. Украина өз жерінің бөлінбеуін әрі қайта шабуыл жасалмауына нақты кепілдіктерді талап етсе, Ресей өзінің стратегиялық қауіпсіздік талаптарының орындалуын күтеді.
Мұндай күрделі кезеңде АҚШ-тың делдалдық әрекеті тараптардың дипломатиялық байланысын үзіп алмауға және ортақ ымыраға келуге болатын нүктелерді табуға негізделген. Бұған дейін Владимир Зеленский Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоғаннан Владимир Путинмен келіссөз ұйымдастыруға көмектесуді сұраған еді. Анкара бұған дейін де екі ел арасындағы келіссөздерге бірнеше мәрте дәнекер болған.
Соңғы жаңалықтар