«Өзін емес, өзгені ойлады»: Оралда бойжеткен жасөспірімді құтқарамын деп көз жұмды
Орал қаласында 18 жастағы Алсу Ермағамбетованың қазасы көпшіліктің қабырғасын қайыстырды, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі “Мой город” басылымына сілтемемен.
Ол Жайық өзенінде суға батып бара жатқан 16 жастағы жасөспірімге көмектеспек болып, өз өмірін құрбан еткен.
Қайғылы жағдай 16 шілде күні Ремзавод маңындағы шомылуға рұқсат етілмеген аумақта болған. Алсу сол күні достарымен бірге медициналық колледжге оқуға түскенін атап өту үшін өзен жағасына барған.
Куәгерлердің айтуынша, бір сәтте жасөспірім өзеннің терең жеріне кетіп, көмек сұрай бастаған. Мұны байқаған Алсу еш ойланбастан суға секірген. Алайда бойжеткеннің өзі жүзуді білмеген. Соған қарамастан, ол өзгеге араша түсуге тырысқан.
Жасөспірім аман қалғанымен, Алсу өзеннің ағысына төтеп бере алмай, су астында қалып қойған. Құтқарушылар оның денесін біраз уақыттан кейін өзен ағысымен төменгі тұстан тапқан.
Туыстарының айтуынша, Алсу Теректі ауданында әжесінің тәрбиесінде өскен. Мектепте озат оқып, спортпен айналысқан. Жуырда ғана медициналық колледжге түсіп, болашақта дәрігер атанып, өзін өсірген әжесіне көмектесуді армандаған.
Соңғы жаңалықтар