Пара алып ұсталған елордалық ХҚКО қызметкерлері түрмеден айыппұлмен құтылды

30.09.2026 • 09:36 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Пара алып ұсталған елордалық ХҚКО қызметкерлері түрмеден айыппұлмен құтылды
284
Фото: Depositphotos.com

Астанада компанияның құрылтайшыларын ауыстыру үшін 750 мың теңге пара берген адам да, ақшаны алған қызметкер мен арадағы делдал да сотталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Журналист Михаил Козачковтың хабарлауынша, үшеуі де түрмеге қамалмай, миллиондаған теңге айыппұлмен құтылған.

Істі Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қараған. Сот алдында «Азаматтарға арналған үкіметтің» елордалық филиалындағы жылжымайтын мүлікті тіркеу басқармасының 46 жастағы сарапшысы Рустам Бегалинов, осы мемлекеттік корпорацияның Алматы аудандық бөлімін басқарған 37 жастағы Дана Рисдаулетова және «Абылай-Құрылыс» ЖШС қызметкері Ғани Охапов жауап берді.

Козачковтың жазуынша, серіктестікке құрылтайшыларын шұғыл ауыстыру қажет болғанымен, сот орындаушысы бұған шектеу қойған. Охапов танысы Рисдаулетоваға хабарласып, компанияға салынған тыйымдарды сот актісінсіз алып тастауды сұраған.

Рисдаулетова бұл іске өзі кіріспей, әріптесі Бегалиновқа жүгінген. Ол серіктестікке қойылған барлық шектеуді алып тастаған соң, Охапов сол күні Рисдаулетоваға 750 мың теңге әкеліп берген. Рисдаулетова өзіне ештеңе қалдырмай, ақшаның бәрін Бегалиновтың қызының шотына аударған.

Осыдан кейін компания иелері ауысқан. Құқық қорғау органдары мұның қалай болғанын тексеріп, іске қатысқан үшеуін анықтаған.

Рисдаулетованың әрекеті парақорлыққа делдал болу, Охаповтікі пара беру деп сараланған. Ал Бегалиновқа пара алумен қатар, заңмен қорғалатын ақпаратты қасақана жою немесе өзгерту айыбы тағылған. Бұған қоса, оның үйінен есірткі табылған.

Сотта үшеуі де кінәсін мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұраған. Сот олардың түзелуіне ақшалай жаза жеткілікті деп шешіп, Бегалиновқа 22,5 миллион, Охаповқа 15 миллион, Рисдаулетоваға 11,5 миллион теңге айыппұл салған.

Үкім заңды күшіне енді.

Айта кетейік, Астанада шетелдіктерге қызмет көрсететін ХҚКО-да құжат рәсімдеудің заңсыз жолы 3 жылдан астам жұмыс істеген.

Войдите, чтобы оставить комментарий