Шымкенттік бапкер ойын кезінде қыз балаға қол көтергені үшін жұмысынан айырылды
Павлодарда волейбол жарысы кезінде шәкіртін ұрған шымкенттік жаттықтырушы Хамит Мырзабеков екі жылға жарыстардан шеттетілді. Қазақстан ұлттық волейбол федерациясы оған жаттықтырушылық және педагогикалық қызметпен айналысуға тыйым салды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 26 қазанда жеке клубтар арасындағы Қазақстан біріншілігінде болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода жаттықтырушы тоғызыншы нөмірмен ойнаған қызды алаң шетіне шақырған. Қыз жанына келгенде оны басынан ұрған.
Белгілі болғандай, Павлодарда 2009 жылы туған және одан кейінгі жастағы қыздар арасындағы Қазақстан чемпионатының екінші туры өтіп жатқан.
Қазақстан ұлттық волейбол федерациясының хабарлауынша, жарысты «MYQTYLARORTASY» жеке волейбол лигасы ұйымдастырған. Бұл ұйым федерацияның құрамына кірмейді және турнир оның ұйымдастыруынан тыс өткізілген.
Соған қарамастан федерацияның Тәртіптік комитеті оқиғаны қарап, Хамит Мырзабековті 2 жылға шеттету туралы шешім қабылдаған. Осы мерзімде ол федерация өткізетін жарыстарға ешқандай мәртебеде қатыса алмайды.
Жарысты ұйымдастырған лигаға тиісті бақылау жасамағаны үшін сөгіс жарияланып, айыппұл салынды. Шымкент қаласының волейбол академиясына да сөгіс берілді.
Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы Politico.kz-ке оқиғаға қатысты бөлек түсініктеме берді.
Басқарманың мәліметінше, Хамит Мырзабеков шамамен 6 немесе 7 ай бойы «Волейбол Кидс» жеке клубында жаттықтырушы болып жұмыс істеген. Қазір ол клубтағы қызметінен босатылған.
«Хамит Мырзабеков Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мемлекеттік спорт ұйымдарында қызмет атқармайды», деп хабарлады басқарма.
Басқарма оқиғаның мән-жайын зерделеп, заңнамаға сәйкес қосымша шаралар қабылдау мәселесін қарайтынын мәлімдеді.
Қазақстан ұлттық волейбол федерациясы зардап шеккен спортшы қыз бен оның отбасына қолдау көрсетіп жатқанын хабарлады.
Соңғы жаңалықтар