Астанадағы балабақшада 1,5 жасар сәби ыстық сорпаға күйіп қалды
Астана қаласындағы балабақшалардың бірінде бір жарым жасар бала ауыр күйік жарақатын алды, деп хабарлайжы Politico.kz.
Зардап шеккен бүлдіршіннің анасы мекеме қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды көрсетуден бас тартып, кінәсін жоққа шығарғанын айтып, желіде дабыл қақты.
Анасының сөзінше, оқиға 2 қазан күні болған. Ыстық сорпа төгілуінің салдарынан сәбидің денесінің 10 пайызын III дәрежелі күйік шалған. Қазіргі уақытта бүлдіршін үйінде ем қабылдап жатыр. Анасы балабақша әкімшілігінен шындықты біле алмаған соң, полиция мен мемлекеттік органдарға шағымданған.
Астана қалалық полиция департаменті аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«Балабақша қызметкерінің кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамауы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу аясында бейнебақылау камераларының жазбалары тәркіленіп, зерттеліп жатыр. Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары ҚР Қылмыстық кодексінің 141-бабы («Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау») бойынша жүргізіліп жатыр. Егер жауапты тұлғаның немқұрайлығы салдарынан бала денсаулығына ауыр немесе орташа зиян келсе, ол 2 000 АЕК-ке дейін айыппұл төлеуге, түзеу не қоғамдық жұмыстарға тартылуға немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырылып, үш жылға дейін белгілі бір лауазымды атқару құқығынан шектелуі мүмкін. Тергеу жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар