«Подъезд есігінен тоқ ұрып, жүрегі тоқтап қалған»: Өскеменде сұмдық жағдай болды
Өскеменде көпқабатты үйлердің бірінде жас жігітті электр тоғы соғып, ол ауыр халде аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды Politico.kz.
Alash.kz сайтының мәліметінше, қайғылы оқиға 25 желтоқсанда Протозанов көшесіндегі №31 үйдің бірінші кіреберісінде болған. Куәгерлердің айтуынша, подъезд есігінен ток соққан сәтте зардап шегушінің жүрегі тоқтап қалған. Оқиға орнына жедел жеткен жедел жәрдем бригадасы шұғыл реанимациялық шаралар жүргізіп, науқасты медициналық мекемеге алып кеткен.
Тұрғындардың сөзінше, аталған кіреберіс есігі шамамен бір ай бойы электр тогын өткізіп тұрған. Алайда осы уақыт ішінде тиісті мекемелер тарапынан нақты шаралар қабылданбаған. Оқиғадан кейін жағдайға қатысты түсініктеме берген Өскемен қалалық әкімдігі бастапқыда ток көзі Алма домофон қызмет көрсететін домофон құрылғысынан шығуы мүмкін деген болжам айтқан. Себептерді анықтау үшін Исток ПИК қызметкерлері тексеру жұмыстарына тартылған.
Кейін жүргізілген тексеріс барысында электр тогының таралуына домофон емес, есік жақтауына орнатылған прожекторлық шам себеп болғаны анықталды. Ақаулы жарық беру құрылғысы дереу желіден ажыратылып, қауіп толық жойылған. Қазіргі уақытта оқиғаға жауапты тұлғаларды анықтау және олардың әрекетіне құқықтық баға беру жұмыстары құзырлы органдар тарапынан жүргізіліп жатыр.
Соңғы жаңалықтар