Пойызда жолаушы көз жұмғаннан кейін жолсерік күтпеген әрекетке барды
Атырау–Ақтөбе бағыты бойынша қатынайтын №691 жолаушылар пойызында қайғылы жағдай тіркелді, деп хабарлайды Politico.kz.
13 шілдеге қараған түні сапар кезінде 44 жастағы ер адамның жағдайы күрт нашарлап, ол көз жұмған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, марқұм пойызға билетсіз мінген. Оқиғадан кейін қызметтік жауапкершіліктен қауіптенген жолсерік жолаушының қайтыс болғанына қарамастан, оның жеке куәлігін пайдаланып, билет рәсімдеуге әрекет жасаған.
Көліктегі полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде. Алдын ала медициналық қорытындыға сәйкес, ер адамның өліміне екі жақты пневмония себеп болуы мүмкін. Тергеу құпиясына байланысты басқа мәліметтер жарияланбайды.
Өз кезегінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ ішкі қызметтік тексеру жүргізген. Оның нәтижесінде қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін екі жолсерік пен пойыз бастығы жұмыстан шығарылған.
Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның нақты себептерін, сондай-ақ билетсіз жолаушының пойызға қалай отырғанын және жолсеріктің әрекетіне құқықтық баға беруді жалғастырып жатыр.
Соңғы жаңалықтар