Трамп Қытайға қатысты ауыр айып тақты

17.07.2026 22:18 Қарақат АСЫЛОВА
Трамп Қытайға қатысты ауыр айып тақты
192
Фото: Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп халыққа жасаған кешкі үндеуінде Қытайды 2020 жылғы президенттік сайлауға заңсыз араласты деп айыптады, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі Reuters-ке сілтемемен.

Ақ үй басшысы өзінің сөзінде жақында құпиясыздандырылған құжаттарға сүйеніп, АҚШ-тың сайлау жүйесінде елеулі осал тұстар анықталғанын айтты. Оның пікірінше, қазіргі сайлау жүйесі қауіпсіздік талаптарына толық сай келмейді.

Трамптың айтуынша, Қытай АҚШ-тағы шамамен 220 миллион сайлаушының жеке мәліметтеріне, оның ішінде аты-жөні, мекенжайы және телефон нөмірлеріне қол жеткізген. Президент мұны ел тарихындағы ең ауқымды деректердің таралуы және ұлттық қауіпсіздікке төнген үлкен қатер деп бағалады.

Сонымен қатар, Трамп Бейжіңнің негізгі мақсаты 2020 жылғы сайлауда өзінің жеңілісіне ықпал ету болғанын меңзеді. Ол сол сайлауда Джо Байденнен жеңілгенімен, оның нәтижесін әлі күнге дейін мойындамай келеді.

Трамп сөзінде Ресейді де атағанымен, басты назарды Қытайға аударды. Сарапшылар мұндай мәлімдемелер Вашингтон мен Бейжің арасындағы қарым-қатынасқа кері әсер етуі мүмкін екенін айтады.

Ал Қытайдың Вашингтондағы елшілігінің өкілі бұл айыптауларды жоққа шығарды. Оның сөзінше, Қытай АҚШ-тағы президенттік сайлауға ешқашан араласқан емес және болашақта да мұндай әрекетке бармайды.

Войдите, чтобы оставить комментарий