Президент Республика күніне орай екі мыңнан астам азаматты марапаттады
Тоқаев кімдерге атақ беріп, орден табысталатынын жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында ел дамуына елеулі үлес қосқан қазақстандықтарды марапаттау туралы айтты. Мемлекет басшысы екі мыңнан астам азаматқа мемлекеттік награда берілетінін мәлімдеді.
«Республика күні – күллі халқымыздың басын қосатын, жалпыұлттық сипаты бар бірегей мереке. Егемендік пен Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қазынамыз, ең асыл құндылығымыз! Сондықтан мемлекеттігімізді күшейтіп, еліміздің іргесін бекіте түсу – баршамыздың қасиетті борышымыз», деді Тоқаев.
Президент ел тәуелсіздігі жолында еңбек еткен азаматтардың үлесін атап өтті.
«Біз егемендікке ата-бабаларымыздың бойындағы мықты ерік-жігер мен өшпес рухтың арқасында қол жеткіздік. Халқымыз Тәуелсіздік жолында құрбан болған ерлердің, бостандық үшін жанқиярлықпен күрескен тұлғалардың есімін әрқашан жадында сақтайды. Аға буын тар жол, тайғақ кешуден өтсе де, барлық сын-қатерді еңсеріп, ел үшін қажырлы қызмет етті», деді Мемлекет басшысы.
«Халқымыз, әсіресе жастарымыз төл шежіремізді терең танып, оған құрметпен қарай бастады. Бұл – өте жақсы үрдіс. Шын мәнінде, тарихқа тек біржақты көзқараспен қарауға болмайды. Біздің тарихымыз – ұлы жеңістердің, мәңгілік мұралар мен теңдессіз дәстүрлердің шежіресі. Біздің тарихи деректерге толы даңқты жолымызды жігерлі, табанды, жасампаз тұлғалар жазды. Олардың өмірі мен ұстанымы – жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Түптеп келгенде, елдігіміздің тұғырын мемлекетшіл, отаншыл, парасатты, адал, еңбекқор адамдар нығайтады», деді Президент.
Тоқаев металлургия саласында 40 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Әбдірашит Доспановқа жоғары атақ берілетінін айтты.
«Қазір ортамызда отырған азаматтардың бойында осы құнды қасиеттердің бар екені анық. Солардың бірі «Еңбек Даңқы» наградасының толық кавалері – Әбдірашит Қойшыбекұлы Доспанов. Ол әке ізін басып, 40 жылдан астам уақыт металлургия саласында абыройлы жұмыс істеп келе жатыр. Кәсіби шеберлігі мен еңбекке адалдығының арқасында зор табысқа жетіп, елімізді өркендетуге мол үлес қосып жүр. Бүгінде жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, оларға өмірлік кәсібінің қыр-сырын үйретуде. Мен бүгін Әбдірашит Қойшыбекұлы Доспановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы шешім қабылдадым», деді Тоқаев.
Президент белгілі сазгер Алтынбек Қоразбаевқа «Отан» ордені берілетінін жариялады.
«Осы мерекелік жиынға төл мәдениетіміздің көрнекті өкілі, белгілі сазгер, ұстаз Алтынбек Қоразбаев қатысып отыр. Оның әндері бірнеше буынның жүрегіне жол тауып, қазақ өнерінің алтын қорына қосылды. Мен бүгін Алтынбек Қоразбаевқа ең жоғары марапат – «Отан» орденін табыстаймын», деді Мемлекет басшысы.
Альпинист Қазбек Уәлиев ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталады.
«Қазір арамызда даңқты альпинист Қазбек Уәлиев отыр. Ол дүние жүзінің ең биік шыңдарын бағындырып, әлемдік альпинизмнің аңызына айналды. Мен Қазбек Шәкімұлының ерен еңбегін ескере отырып, оны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттауды ұйғардым», деді Тоқаев.
Президент білім беру саласындағы мамандардың еңбегіне де тоқталды.
«Наталья Викторовна Сафиулина жоғары педагогикалық шеберлігімен, кәсібилігімен және сүйікті ісіне адалдығымен көрінді. Жаңашыл ұстаз ерекше балаларды оқытуда озық тәсілдер енгізіп отыр. Мемлекет шын мәнінде инклюзивті қоғам қалыптастыруға үлес қосып жүрген осындай педагогтерді әрдайым қолдайды. Білім беру саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Наталья Викторовна Сафиулинаға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы беріледі», деді Мемлекет басшысы.
Өнер мен мәдениет саласының өкілдері де марапатталады.
«Сондай-ақ руханиятымыздың өрісін кеңейтуге зор үлес қосып жүрген өнерпаз, танымал опера әншісі Талғат Маратұлы Мұсабаевқа «Қазақстанның халық әртісі» атағы беріледі. Өнер қайраткерлерімен қатар, мәдениет саласын зерттеген ғалымдардың да еңбегі зор құрметке лайық. Осы орайда, музей ісін дамытуға және тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға белсене атсалысып жүрген белгілі өлкетанушы Бауыржан Өзбекәліұлы Жәнібековке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріледі. Сонымен қатар ұлағатты ұстаз, өнертанушы ғалым Эльмира Сәкенқызы Сұлтанғалиеваға «Құрмет» ордені табысталады», деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы жұмысшы мамандық иелерін марапаттаудың маңызын айтты. Олардың қатарында «Астана-Көгалдандыру құрылысы» мекемесінің қызметкері Дидар Телжанұлы бар.
«Жұмысшы мамандық иелері еліміздің өркендеуіне белсене атсалысып келеді. Қазір осы жерде адал еңбегімен зор табысқа жеткен нағыз еңбек адамдары отыр. Бұл орайда «Астана-Көгалдандыру құрылысы» мекемесінің қызметкері Дидар Телжанұлын ерекше атап өтуге болады. Осы саладағы игі істер мен Президент ретінде ұсынған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасымен тығыз байланысты. Бұл бүкіл елімізге өте қажетті жұмыс деп айтсақ, қате болмайды», деді Президент.
Тоқаев қоршаған ортаны қорғау мен елді мекендерді көгалдандыру барлық азаматтың ортақ міндеті екенін жеткізді.
«Өйткені көшелеріміз таза болмаса, әрбір жерде ағаш пен гүлдер көп егілмесе, азаматтарымыз табиғатқа қамқор болмаса, еліміз де жасампаз болмайды. Бұл – анық нәрсе. Бұл – Үкімет болсын, Құрылтай болсын, құқық қорғау мекемелері болсын, жергілікті билік өкілдері мен басқа да мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, барлық жоғары оқу орындарының, мектептердің ортақ парызы. Басқа сөзбен айтқанда, бұл – жалпыұлттық қозғалыс», деді Мемлекет басшысы.
Президент елорданы көркейтуге үлес қосқан Дидар Телжанұлына «Құрмет» ордені берілетінін айтты. Ал «Астана орманы» ұйымының қызметкері Аманжол Төкенұлы Үйсінбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады.
Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданынан келген механизатор Сергей Пустыльниковтің еңбегін де атап өтті.
«Осы айтулы күнде біз Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданынан келген механизатор Сергей Николаевич Пустыльниковке лайықты құрмет көрсетеміз. Ол отыз жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында жемісті жұмыс істеп, жиған тәжірибесін жас буынға үйретіп келеді. Адал еңбегі мен толайым табысы үшін Сергей Николаевич Пустыльников ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталады», деді Тоқаев.
Президент ұстаздар мен медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету мәселесіне тоқталды.
«Біз ұлт саулығын нығайту және зияткер ұрпақ тәрбиелеу ісіне баса мән беріп отырмыз. Ұстаздар мен дәрігерлер қауымына жан-жақты қолдау көрсету және олардың еңбегіне зор құрметпен қарау – маңызды міндет. Бүгін аға мейірбике Анар Рахманбекқызы Әбдіқұловаға және ұлағатты ұстаз Сәлима Ибраиымқызы Жұмамұратоваға «Шапағат» медалі табысталады», деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосқан азаматтардың да марапатталатынын айтты.
«Қоғамдық келісім – егемендігіміздің мызғымас кепілі. Бүгін ырысты ынтымағымызды нығайту жолында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа «Ел бірлігі» ордені табысталады», деді Президент.
Мемлекет басшысы Республика күніне орай марапатталатын азаматтардың жалпы санына тоқталды.
«Сонымен бірге бүгін мемлекетімізді көркейтуге белсене атсалысқан, адал еңбегімен көпке үлгі болған 2 мыңнан астам азамат марапатталады. Соның ішінде 270-ке жуық білім-ғылым, денсаулық сақтау саласының қызметкеріне, 473 жұмысшы мамандығы өкілдеріне және 129 еңбек ардагеріне, сондай-ақ, 200-ден астам шағын және орта бизнес өкіліне мемлекеттік награда тапсырылады. Бәріңізге құтты болсын!», деді Тоқаев.
Президент сөз соңында еңбек адамдарына алғыс білдірді.
«Еліміздің абыройын асырып жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсету – мемлекеттік саясатымыздың өзегі. Мен Республика күні қарсаңында сіздерге және барша отандастарымызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры мәңгі болсын! Қастерлі Отанымыз – Қазақстан өсіп-өркендей берсін!», деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бүгінгі жиында Президент Қазақстандағы әлеуметтік жеңілдіктер мен төлемдер мәселесіне тоқталған еді.
Соңғы жаңалықтар