«Балаларымды әкеліп берші»: Моңғолиядан келген келіншек балаларын қайтара алмай жүр
Моңғолиядан арнайы келген Замира есімді келіншек 12 жыл отасқан күйеуі балаларын рұқсатынсыз Алматыға алып кеткенін айтып, көмек сұрады, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның сөзінше, отбасылық жанжалдан кейін күйеуі 2023 жылы ұл-қыздарын жасырын көшіріп әкеткен. Бүгінде Алматыда жалдамалы пәтерде тұрып жатқан ана балаларын көру үшін олар оқитын мектепті торуылдауға мәжбүр.
«Күйеуім көңілдесімен кетті, сыртымнан ойнас қылғаны аздай, балаларымды да көрсетпей отыр. Жынды адам ұқсап жүреміз енді, балаларымызды тосып. Сөйлесейін десем, телефонды алмайды. Кететін кезде маған айтқан жоқ. Сол 2023 жылдан бері күйеуіме “Балаларымды әкеліп берші” деп жалындым. Менімен сөйлестірмей қойды, танымайтын өз туыстарының үйіне тығылып», — деп ағынан жарылды келіншек.
Ал оның жұбайы Алтынбек бұл айыптауларды жоққа шығарып, керісінше әйелінің опасыздық жасағанын және балалардың өзі анасымен тұрудан бас тартқанын алға тартты. Ол әйелінің басқа ер адаммен бірге тұрып жатқанын, сондықтан ұл-қыздарын оған бермейтінін және бұл жайт Моңғолиядағы сотта да қаралғанын мәлімдеді.
Бұл дауға қатысты пікір білдірген заңгер Нұрболат Ибраев балаларды сот шешімінсіз анасынан алшақтату заңға қайшы келетінін ескертті:
«”Неке және отбасы туралы” кодекстің 72, 78-баптарында нақты көрсетілген, яғни ата-ананың балаларымен араласуына ешқандай кедергі келтірілмеуі керек. Егер бала «барғым келеді» дейтін болса, анасы алып кете алады. Себебі әкесімен тұруы жөнінде нақты сот шешімі шыққан жоқ».
Қазіргі уақытта үш айлық рұқсатпен келген үш баланың анасы Алматыдан тұрақты жұмыс тауып, құқықтық жолмен балаларын өз қамқорлығына қайтарып алуды көздеп отыр.
Соңғы жаңалықтар