Үкімет жағдайды зерттеп жатыр: Тоқаев әлеуметтік жеңілдіктер туралы айтты

Үкімет жағдайды зерттеп жатыр: Тоқаев әлеуметтік жеңілдіктер туралы айтты
Фото: depositphotos.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы әлеуметтік жеңілдіктер мен төлемдер мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, кейбір жеңілдіктер бюджет қаржысын тиімсіз жұмсауға әкелуі мүмкін. Қазір Үкімет бұл мәселені жан-жақты зерттеп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Президент бұл туралы Республика күніне арналған салтанатты жиында айтты.

«Соңғы жеті жылда әлеуметтік саланы дамытуға 88 триллион теңге қаржы бөлінді. Мұны халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін салынған инвестиция деп қабылдаған жөн», деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласындағы өзгерістерге де тоқталды.

«Қазір барлық аймақта, әсіресе, ауылдық жерлер мен шалғай елді мекендерде медициналық қызметтің сапасы артып келе жатыр. 2019 жылдан бері еліміз бойынша 1259 денсаулық сақтау мекемесі салынды. Конституциямызда ақысыз медициналық көмектің кепілді көлемі туралы айқын жазылды. Еліміздің азаматтары медициналық қызметтің 1 мыңнан астам түрін ақысыз алуға құқылы. Бұл, түптеп келгенде, бірегей әлеуметтік көмек десек, артық болмас», деді Президент.

Тоқаев мектеп оқушыларына берілетін тегін тамақ пен әлеуметтік жеңілдіктер туралы да айтты.

«Сонымен қатар еліміздің әрбір мектебінде барлық бастауыш сынып оқушылары және әлеуметтік жағынан осал топтағы балалар, яғни, бір миллион жеті жүз мыңнан астам оқушы ақысыз ыстық тамақ алуда. Елімізде неше түрлі әлеуметтік жеңілдіктер бар, тіпті, олардың кейбірі жымқыру негізінде беріліп жатыр. Сондықтан қазір Үкімет бұл мәселені жан-жақты зерттеп, осы жұмыспен айналысуда», деді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақы тағайындау жүйесі өзгеріп жатыр. Жаңа тәртіп бойынша азаматтар тұрмыс деңгейіне қарай A, B, C, D немесе E санаттарының біріне бөлінеді.

Азаматтың қай санатқа жататынына байланысты жәрдемақының мөлшері анықталады немесе төлем мүлде тағайындалмауы мүмкін. Жаңа жүйе 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу