Путин Facebook пен Instagram желілерінде жарнама жариялауға тыйым салды

Ресей президенті Владимир Путин Facebook пен Instagram желілерінде жарнама орналастыруға тыйым салатын жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды POLITICO.KZ АЗАТТЫҚ РАДИОСЫНА сілтеме жасап.
Бұл өзгерістер Ресей Федерациясында 7 сәуірде күшіне енген заңнамалық түзетулерге сәйкес енгізіліп отыр. Жарлық мәтіні ресми нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланған.
Жаңа заңнама бойынша, Ресей аумағында қызметіне тыйым салынған, соның ішінде экстремистік, террористік немесе "қалаусыз" деп танылған ұйымдармен байланысы бар ресурстарда жарнама жасауға болмайды. Сондай-ақ, шектеуге ұшыраған интернет-ресурстарға да жарнама орналастыруға тыйым салынды.
Бұл шектеу Meta корпорациясына қарасты Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріне тікелей қатысты болып отыр. Аталған әлеуметтік желілер Ресейде 2022 жылдың наурыз айынан бері экстремистік ұйым ретінде танылып, бұғатталған болатын. Ресей билігі бұл шешімді Украинадағы соғысқа байланысты аталған желілердегі Ресей әскерилеріне қарсы қоқан-лоқы мен зорлық-зомбылыққа шақырған жазбаларға негіздеген.
Дегенмен, осы тыйымға қарамастан ресейлік блогерлер Instagram желісінде әлі күнге дейін жарнамалық постыларды жиі жариялап келеді.
Айта кетейік, Ресей билігі соңғы уақытта интернетте жарнама орналастыру ережелерін едәуір қатаңдатқан болатын. Жақында күшіне енген жаңа ережеге сәйкес, 10 мыңнан астам жазылушысы бар, бірақ ресми тіркеуден өтпеген пабликтер мен Telegram-арналарда жарнама жариялауға тыйым салынған еді.
Соңғы жаңалықтар





