Путин Тоқаевты Әділет партиясының жеңісімен құттықтады
Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы жеделхат жолдады. Ол 23 тамыз күні өткен бірпалаталы парламент – Құрылтай депутаттарының сайлауында «Әділет» партиясының жеңіске жетуіне байланысты құттықтау білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала қорытындысын жариялаған болатын. Ресми мәліметке сай, «Әділет» партиясы сайлаушылардың 71,17% дауысын жинап, айқын басымдықпен алға шықты.
Ресей басшысы Қазақстан тарихындағы алғашқы бірпалаталы парламент сайлауының маңызын атап өтті.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Қазақстан тарихындағы тұңғыш бірпалаталы парламент – Құрылтай сайлауында билеуші «Әділет» партиясының жеңіске жетуіне байланысты құттықтауымды қабыл алыңыз. Сайлаушылардың жоғары белсенділігі мен халықтың ерік-жігері жүргізіліп жатқан бағытқа көрсетілген зор қолдауды дәлелдейді. Бұл саясат ішкі тұрақтылықты нығайтуға, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықаралық аренада мемлекет мүддесін қорғауға бағытталған», – деп жазылған Ресей президентінің жеделхатында.
Сонымен қатар ол екі ел арасындағы парламентаралық байланыс пен одақтастық қарым-қатынастың келешегіне тоқталды.
«Құрылтай депутаттары екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайту үшін ресейлік әріптестерімен өзара тиімді жұмыс істейтініне сенімдімін. Сізге және жаңадан сайланған депутаттарға толағай табыс, ал бауырлас Қазақстан халқына бақ-береке мен өркендеу тілеймін», – деді Владимир Путин.
Айта кетейік, бүгін, 24 тамызда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Тоқаевты ҚР Құрылтайы депутаттарының алғашқы сайлауы сәтті өтуімен құттықтаған болатын.
Соңғы жаңалықтар