"Дала Қырандары" 21 жасқа толмаған азаматқа алкоголь сатылғанын әшкереледі
@kokbori__team және @everest_team_01 еріктілері қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында қаладағы дүкендерді аралап, азаматтық бақылау жүргізді. Тексеру кезінде 21 жасқа толмаған тұрғынға алкоголь өнімінің еш кедергісіз сатылғаны белгілі болды.
Жасақ мүшелерінің айтуынша, сатушы сатып алушының жасын нақтыламай, спирттік ішімдікті заңсыз сатқан. Қазақстан заңнамасы бойынша кәмелетке толмағандарға алкоголь сату қатаң түрде тыйым салынады.
Оқиға орнында жасақ өкілдері видеодәлелдер жинап, дүкен әкімшілігіне заң бұзушылықтың мән-жайын түсіндірді және мұндай жағдайды болдырмау үшін ескерту жасады. Қажетті материалдар рәсімделіп, тиісті органдарға жолданады.
Кәмелетке толмағандарға алкоголь сату – жай ғана құқық бұзушылық емес, олардың денсаулығына, қауіпсіздігіне және жалпы қоғамға қауіп төндіретін күрделі мәселе. Ерте жаста спирттік ішімдік қолдану мінез-құлықтың өзгеруіне, денсаулықтың нашарлауына және түрлі құқықбұзушылықтарға әкелуі мүмкін.
Сондықтан «Дала Қырандары» жасақтары мұндай фактілердің алдын алу және жауапсыз кәсіпкерлерді тоқтату үшін жұмысын жалғастыра береді.
Соңғы жаңалықтар