Қамауға алынған Әділетхан Молдаханның әйелі президенттен араша сұрады
Танымал заңгер Әділетхан Молдаханның қамауға алынуына қатысты оның жұбайы Бақыт Мұсабекова мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның айтуынша, заңгерге қатысты Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша іс қозғалған. Алайда іс барысына қатысты ресми органдар тарапынан нақты әрі толық ақпарат берілмей отырғанын алға тартты.
"Қазір апелляциялық сотты күтудеміз. Оң нәтиже шығып, тым құрығанда үй қамаққа ауыстырады деген үмітіміз бар. Оған жалған ақпарат таратты дейді. Егер ол жалған мәлімет таратқан болса, жоғарыда отырған басшылар не себепті жұмыстан босады?", – дейді заңгердің жұбайы.
Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде заңгерге қолдау білдірушілер саны артып келеді. Көпшілік оның бостандыққа шығуын талап етіп, түрлі пікір білдіруде.
Айта кетейік, бұған дейін Әділетхан Молдахан Алматыдағы резонансты жол апатына қатысты мәлімдеме жасаған болатын. Ол өз сөзінде оқиға болған түні бірнеше көлік қатысқан заңсыз жарыс ұйымдастырылғанын айтқан.
Қазір іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар